©
Қаңтардың 22-нен 23-не қараған түні сағат 2:14 шамасында Ақтау халықаралық әуежайының ескі терминалынан өрт шықты. Бұл туралы mangystaumedia.kz сайтына МО Төтенже жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. «380 шаршы метрді шарпыған өрт сағат 03:27-де сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Оқиғаның себептері анықталып жатыр», - делінген хабарламада. Ескі қойманың төбесінен шыққан тілсіз жауды ауыздықтауға төтеншеліктердің 8 техникасы мен 35 өрт сөндіруші жұмылдырылған. Естеріңізге сала кетейік, қаңтар айының басында Ақтау халықаралық әуежайында электр желілерінің қысқа тұйықталуының салдарынан жарық сөнген еді. Сол кезде Ақтаудан ұшатын рейстер бөгеліп, терминалдағы 100-ге жуық жолаушы мен әуежай қызметкерлері сыртқа шығарылған.