"ҚазАзот" ЖШС-ндегі бір адам зардап шеккен төтенше оқиғаның алғашқы деректері белгілі болды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Оқиға бүгін 22 қаңтарда күндізгі сағат 11.00-де Ақтау қаласында №150-ші учаскесінде болған. 1986 жылы туған зардап шегуші слесарь-жөндеуші қызметін атқарған. «Ол +12.0 белгісінде (жер деңгейінен есептелетін биіктік) «АМ-3» аммонизаторындағы шолу әйнектерін ауыстырып жатқан. Ал электр-газбен дәнекерлеуші жігіт +9.8 белгісінде аммонизатордың шығыңқы құбырындағы жарықты жою үшін дәнекерлеу жұмыстарын жүргізіп жатқан. Ол шығыңқы құбырдың бетіне электродтар жанасқан кезде құбырдың дірілін сезген, сол сәтте тырс еткен дыбыс пен біреудің (зардап шегушінің) айғайын естиді", - деп хабарлады Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі. Әлдекімнің жанұшырған дауысын +9,8 белгісінде тұрған № 1 технологиялық бөлімшенің бастығының орынбасары да естіген. "Ол +12 белгісіне көтеріліп, есі кіресілі-шығасылы күйде жатқан зардап шегушіні көрген. Сол жерде оған алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, облыстық ауруғана жедел түрде жеткізілген", - деп атап өтті ТЖД баспасөз қызметкері Г.Ходжабекова. Айта кетелік, бұған дейін хабарлағанымыздай, облыстық аурухананың нейрохирургтары науқасқа шұғыл түрде ота жасады. Қазір науқастың жағдайы өте ауыр. Оны жан сақтау бөліміне ауыстырды.
Ақкенже БЕРКЕНОВА
Көрнекі сурет - Талант ҚҰСАЙЫН