©
Қаңтардың 18-20 аралығында еліміз бойынша ЖОО-ға түсуге ниетті түлектер ұлттық бірыңғай тест тапсырды. Тестілеу форматына биыл біршама өзгеріс енді. Бұдан былай түлектер сынақты жылына төрт ретке дейін (қаңтар, наурыз, маусым, тамыз айларында) тапсыруға құқылы. Мемлекеттік грант алу үшін маусым айындағы сынаққа қатысу міндетті. ҰБТ-ға қатысу үшін құжаттарды қабылдау бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы 2018 жылғы 1-15 желтоқсан аралығында жүргізілді. Нәтижесінде тестіге қатысуға 35 838 адам өтініш білдірген. Маңғыстау облысы бойынша тестілеу үш нүктеде: Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен Бейнеу ауданында өтті. Оның ішінде Ақтау қаласынан 1600, Бейнеу ауданынан 554, Жаңаөзен қаласынан 415, барлығы 2569 түлек қатысқан. Бұл жөнінде mangystaumedia.kz сайтына МО білім саласындағы бақылау департаментінің бөлім басшысы Жаңабай Аймағамбетов хабарлады. Маңғыстау облысы бойынша орташа ұпай – 54,6. Ең жоғары ұпай – 126 болса (Жаңаөзен), ең төменгі нәтиже – 7 ұпай (студент). Ақтау қаласы бойынша жоғары ұпай – 121, Бейнеу ауданында – 108. "Тестілеу үш пункт бойынша өткізілді: Ақтау қаласы - 734, Бейнеу - 780, Жаңаөзен - 781. Оның ішінде ең төменгі ұпай 734-пунктте тіркелді. Бұл пунктте Маңғыстау, Мұнайлы, Түпқараған, Қарақия аудандары мен Ақтау қаласының оқушылары және 2 ЖОО студенттері бар", - дейді Тестілеу орталығының Маңғыстау облысы бойынша филиалының басшысы Маржан Самиева.Теңге БЕКМҰРЗАЕВА