©
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» 2016 жылғы 5 ақпандағы №190 Жарлығына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдердің халық алдындағы есеп беруге арналған кездесулері өткізілуде. Соған байланысты Жаңаөзендегі Қызылсай, Теңге және Рахат ауылдарындағы осындай кездесулер қаңтар айының 21 мен 25-і аралығына белгіленген. Ал Жаңаөзен қаласының әкімі Әділбек Дауылбаевтың тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуі 1 ақпанда қаладағы «Мұнайшы» мәдениет үйінің залында болады деп жоспарланып отыр. Оған Маңғыстау облысы әкімі Ералы Тоғжанов қатысады деп күтілуде. Жылдағы үрдіс бойынша әкімдердің халыққа есеп беру кездесуі тағы да қарашаңырақ Қызылсай ауылынан бастау алды. Биылғы және бір ерекшелік – жиналған жұртшылық алдына ауыл әкімдері мен бірге қала әкімі де есеп беруде. Себебі біріншіден – осынау үш ауылдың тұрғындары 1 ақпанда болатын қала әкімінің қортынды есеп беру кездесуіне толық қатыса алмайды. Қатысамын дегенімен «Мұнайшы» мәдениет сарайының 450 орындық залына ауылдар мен қала тұрғындары толық сыймайтыны заңды құбылыс. Ауылдардағы кездесіп жататын проблемалардың көпшілігі шешімін ауыл әкімдерінен емес, қала әкімінен табатыны баршаға белгілі. Тұрғындар өз ауылдарында отырып, ауыл және қала әкіміне төрт көз түгел тұрғанда өздерінің өтініш, тілек, ұсыныс, пікірлерін айтып, емін-еркін жауап ала алады. Ал қалада болатын жалпы кездесуде ондай мүмкіндіктердің бола бермейтіні бесенеден белгілі. Сол үшін біз де 1 ақпандағы қала әкімінің қортынды кездесуінде Әділбек Дауылбаевтың есепті баяндамасына көбірек көңіл аударып, толығырақ шолу жасап, сол кезде оқырмандарға нақтырақ жеткізуді ойлап отырмыз. Сол үшін ауылдардағы кездесулерде ауыл халқының өтініш, тілектері және оған берілген жауаптарға баса назар аударуды жөн көрдік. Өйткені әрбір ауылдың өмірде орнықты, тарихта елеулі орыны бар. Егеменді еліміздің өркендеп дамуына қосып жатқан ерекше үлестері жеткілікті. Өзен кенорнының жеті қабат жерастын аруадай идіріп, «қара алтын» байлығымен қазынаның қара қазанын толтыруда еселі еңбек еткен кешегі және бүгінгі таңдағы ерлеріміз аз емес. Солардың келешектен күтері, бүгінгі күннен үміттері бар. Сол үшін әуелі әкімдердің ауылдықтар алдындағы есеп беру кездесулерінде көтерілген мәселелерге, оларға қайтарылған жауаптарға тоқталуды мақұл көрдік. Бұдан 60 жылдай бұрын шаңырақ көтерген Қызылсай ауылындағы 39 көшедегі 1536 үйде бүгінгі таңда 6800 тұрғын бар. Сондықтан ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап ауылдардың дербес бюджеті қалыптасты. Бұл – Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлт жоспары. 100 нақты қадам» бағдарламасының 96 қадамына сәйкес іске асырылуда. Мақсат – жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру. Аталмыш елдімекен 2018 жылға белгіленген ауыл бюджеті 247 974 000 теңгені құрап, бөлінген қаржыны 100 %-ға игерген. Сонымен қатар, дербес бюджеттің қалыптасуына байланысты 2018 жылға бекітілген 8 695 000 теңге салықтар бойынша бюджетке түсуі тиіс болатын. Жыл ақырындағы көрсеткіштер бойынша аталған түсімдер 162 %-ға орындалып, 13 913 000 теңгені құраған. Былтыр әр түрлі мәселелермен ауыл әкімінің қабылдауында 85 тұрғын болыпты. Сондай-ақ бұдан басқа ауыл тұрғындарынан 324 өтініш келіп түсіпті. Сол сияқты ауыл әкімінің міндетін атқарушы Расул Абишаев ауылдағы бүткіл бір жыл ішіндегі жасалған жұмыстар мен жетістіктер туралы сандарды тізбелей отырып, жасалған есепті баяндамасын небәрі 11 минуттың ішінде судыратып, мөлдіретіп, жылдам оқып шықты. Бір қарағанда, осы да дұрыс сияқты. Өйткені күнделікті атқарылып жатқан істерді әуелі бірме-бір қазбалап айтып, одан кейін қағазға жазылған дайын мәтінін оқып тұрар болса, жиналған халықтың да алтынға бара-бар уақыты құр бекерге кетеді. Уақыттан бұрын, жұртты жалықтырып жіберетіні тағы бар. Сол үшін айтылуы тиіс нәрселердің бәрін уақытты босқа шығындамай, жұрттың жүйкесін жұқартып әуреге салмай, судыратып оқып шыққаны да жақсы. Бірақ бір жаман жері, ондай жағдайда істелген жұмыстардың тасасында істелмегені де, кезек күтіп тұрған проблемалар да көлеңкеде қалып кетуі әбден мүмкін. Әрі ауыл халқы сол жерде жасап, өмір сүрсе де қала әкімі түгіл, ауыл әкімімен де күнде кездесе бермейтіні анық. Ондай көрініс Қызылсай ауылындағы кездесу барысында айдан анық болып тұр. Сондай-ақ ауыл халқының көпшілігі Ел Президентінің күнделікті саясаты мен жасап жатқан қамқорлығынан, яғни өздерінің игілігі үшін істеліп жатқан мемлекеттік бағдарламалардан хабарсыз екендігі айқын аңғарылып тұр. Бұл әлі де ел арасында үгіт-насихат жұмыстарының деңгейі бүгінгі күннің талап дәрежесінен әлдеқайда төмен екендігінен хабар бергендей. Әлде ауыл әкімінің есепті баяндамасында айтылғандар шындыққа сәйкес келмей ме екен? Әйтпесе, өткен бір жыл ішінде соншама проблема қордаланып қалуы мүмкін емес. Әрине, кейде сөз бен істің ара алшақтығы да байқалып қалып жатады. Мысалы, ауыл басшысы өз баяндамасында “2018 жылы тазалық айлық шеңбері бойынша ауылда штаб құрылды. Штаб мүшелері ауыл көшелерінің тазалығын сақтау бойынша жұмыстар жүргізді. Екі ай мерзім ішінде жүргізілген сенбілікке 2153 адам қатысып, 24 жүк тиегіш мәшинер мен 7 «ХОН» жүк жүктеуші техникалар бөлініп, жалпы 360 тонна қоқыс жиналып, арнайы орынға төгілді», - дейді. Негізінде тазалықты сақтау, ауыл, қаланы қоқыстан тазалау жұмыстары науқандық болмауы керек. Бұл жұмыстар елшілік болғасын күнделікті жүргізіліп отыруы тиіс. Өйткені «Тазалық – денсаулықтың кепілі» деп бекерге айтылмаған. Ал ауылдың бір ақсақал тұрғыны есепті баяндамалардан соң өзінің берген сұрағында былай дегені бар: «Ауылымыздың шығысында бұрынғы карьерде қоқыс төгілген жер бар. Соның жылдан-жылға көлемі ұлғайып, ауылға жақындап еніп келе жатыр. Оның тазалығына ешкім көңіл бөліп жатқан жоқ. 3-4 жылдықта сол жерді тазалап, трактормен қоқыстарды көмді. Бірақ содан бері де біраз уақыт өтті. Сол жердегі сайдың бойы түгел қоқыс төгетін полигонға айналған сияқты. Тіпті тұрғындар сол жерге өлген түйе, иттерінің де өлекселерін апарып тастайтын болды. Бұл әртүрлі жұқпалы аурулардың пайда болып, ен жаюына ықпал етуі мүмкін. Осыған көмек керек», - деді. Бұл сұраққа жауап берген қала әкімі Әділбек Дауылбаев, қажет болса қайтадан сенбілік ұйымдастырып, көмек берілуі керектігін айтты. Жалпы қалада арнайы қоқыс төгетін полигон бар. Жиналған қоқыстарды жинап соған тасымалдау керек екендігі де айтылды. Ол үшін, яғни тазалық жұмыстарын тұрақты жүргізіп отыруға жұмысшыларға жұмыс орындары ашылып, арнайы бөлінген қаржыларының бар екендігі де рас. Сосын бұл жағдай қайталана берсе, айыппұл төлету шараларының да іске асырылатынын естеріне салды. Себебі тазалық осы ауыл тұрғындарының өзіне керек. Сондықтан оған немқұрайлы қарауға болмайды деді қала басшысы. Жалпы ауыл тұрғындарының арасында бір жылдың ішінде қордаланып қалған проблемалардың бар екенін әкімдерге берілген сұрақтардан-ақ айқын аңғаруға болады. Мысалы, осы ауылдың тұрғыны Аманжол Қалаубаев деген азамат өзінің 3 сұрағын ауызша айтып, қалған 13 сұрағын жазбаша әкеліп, хатшылыққа тапсырды. Ауызша берген сұрақтары ауылдағы жол жайында, автокөліктерге газ құятын стансалар туралы болды. Ол автокөліктерге құйылатын газдың бағасының 55 теңгеден түспейтінінің себебін сұрады. Қазақ газ өңдеу зауытынан шыққан газ Жаңаөзен, Ақтау қалаларында 50 теңгеден сатылса, бұл ауылда 55 теңге екендігін ашына айтты. «Сонда Қызылсай «ҚазГӨЗ»-ге Ақтаудан алыс па?» деген орынды сұрағын көлденең тартты. Бұған қалалық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Жібек Бекова былайша жауап берді: «Облыс әкімі орынбасарының төрағалығымен жасалған хаттамада Ақтөбеден келетін автогаздың әрбір текше метрі 70 теңгеге дейін қойылған. Өзен газының текше метрі 55 теңгеге дейін деп белгіленген. Ал кәсіпкер 55 теңгеден асырмауы тиіс. Негізінде Ақтаудың орталықтарында да жеке кәсіпкерлер сатып тұрған газдың бағалары 55 теңгеден. Ал сырт жағындағылары - 50 теңге. Олда көліктің көп жүретін, сирек жүретін жерлеріне байланысты. Жаңаөзен қаласында қазір сырт жақтағылар 52 теңгеден сатып жатыр». Сондай-ақ кездесуде Қызылсайға күнделікті қатынайтын маршруттық көліктердегі проблемалар да айтылмай қалмады. Өйткені 2017 жылғы 25 қарашада Теңге теміржол өткеліндегі тепловоз бен «Газельдің» қатығысынан болған қайғылы оқиғадан кейін маршруттық көліктердің тәртібі біраз нығайтылған. Соған байланысты маршруттық көліктер мөлшерлі орындықтан артық жолаушы алмайды. Сондықтан Қызылсай ауылына қатынайтын №9 маршруттағы «Газельдер» ауылдың кіреберісінде көлік күтіп тұрған жолаушыларға толтырып, қалаға сол жерден қайтады. Елдімекеннің төріндегі «Оңтүстік» ауылға тұмсығын да тықпайды. «Міне, осындай себептерге байланысты қаладағы колледждерде оқитын балаларымыз қиындық көріп отыр. Менің балам да сол колледждердің бірінде оқиды. Сабақтан кешкі сағат 7.00-де шығады. Ал Қызылсайға ең соңғы маршрут сағат 6.00-де жүріп кетеді. Содан олар «Рауан» шағынауданының тұсына шығып, қараңғыда Қызылсайға қарай көлік күтіп тұрады. Ал біз үйде жанымызды шүберекке түйіп отырамыз. Осыған нақты көмек болмай ма?» - деді зейнеткер Мәрияш Исенова. Бұған жауап берген «Жаңаөзен қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ басшысы Жүсіп Көккөзов: «Жалпы қаладан Қызылсайға келетін жолды «Өзенмұнайгаз» АҚ жөндеп берген. Дегенмен жол - қаланың балансында. Ал «Газель» мәселесін бақылауға аламыз...» - деді. Мұнан кейін Мәрияш ханымның қазіргі кезде аса өршіп бара жатқан қант диабеті сырқаты туралы сұрағына Жаңаөзен қалалық орталық ауруханасының бас дәрігері, үйлестіруші Мұрат Сарыев «Әрине, қант диабеті бойынша мәселе жоқ емес, бар. Қазір қала бойынша үш емхана жұмыс жасайды. Эндокринолог дәрігер солардың әрқайсысында бір-біреуден ғана. Мысалы, бір учаскеде 2000-2200-дей адам болатын болса, жаңа жылдан бастап соның санын азайтып жатырмыз. 1500, әлде 1700-ге дейін азаяды деп ойлаймын. Мұндай мәселелер 2019 жылы жәйлап түпкілікті шешіледі. Эндокринолог дәрігерлер оқытылып жатыр. Сіздер сұрап жатқан Баданова бізден «Медикерге» жұмысқа ауысып кетті». Қызылсайда көптен бері банкомат аппараты жұмыс істемейді екен. Кейде интернет болмайды, желіге қосылса ішінде ақша болмайды дейді ауыл тұрғындары. Бұған жауап берген «Қазақстан халық банкі» АҚ Жаңаөзен өңірлік филиалының басқарушысы Гүлжаһан Бәйтерекова: «Иә, шынында да Қызылсайда бір банкомат бар. Әр банкоматтың тиісті белгіленген лимиті болады. Былтыр бір айдай тоқтап қалды. Содан лимит орындалмады. Оған себеп «Шаңырақ» мәдениет үйінде орналасқан банкомат аппараты бөлмесіне жегі құрт (термит) түсіп, банкоматты еріксіз тоқтатуға мәжбүр болдық. Өйткені ол - өте қымбат аппарат. «Қазкоммерцбанк» «Халық банкіне» қосылғасын, биыл бізге бас банк 7-8 банкомат аппаратын бөлуге келісім беріп отыр. Сол бөлініп жатса Қызылсай ауылына банкомат қоюға дайынбыз. Бірақ ауыл әкімдігі жегі құртты жоюға көмек берсе жақсы болар еді», - деді. Кездесуде ауыл халқы бұлардан басқа да көптеген сұрақтарын қойып, Жаңаөзен қаласы әкімі мен тиісті мемлекеттік мекеме басшыларына өтініштерін жолдады. Бірақ бәрі де жауапсыз қалған жоқ. Өтініштер орындалатын шығар. Оның орындалуын алдағы уақыттың еншісінен күтетін ауыл тұрғындары үлкен үмітпен жиналыстан тарқасып жатты. Аталмыш есеп беру кездесу жиынына Маңғыстау облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Бауыржан Тұяқов, Маңғыстау облысы әкімі аппаратының аумақтық даму және ұйымдастыру бөлімінің бас инспекторы Нұржан Қаржаубай қатысты.Мұратбай ҰЛЫҚПАН, Жаңаөзен қаласы
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="69981,69982"]