«Сәуір болмай тәуір болмас» деген ата - бабаларымыз, жер аяғы кеңіп, көктемгі шаруаның қызу басталар шағында ағаш отырғызып, айналаны абаттандыруға көңіл бөлген. Кешегі сенбілікте жергілікті мекеме, кәсіпорын қызметкерлері, студенттер мен жоғары сынып оқушылары тазалық жұмыстарына бел шеше кірісті. Шетпе селосының құрылғанына 50 жыл толуына орай «Елу жыл – ел тарихы» шарасы аясында жүргізілетін абаттандыру, көгалдандыру, тазалық жұмыстарына селоның әр азаматы өз үлесін қосу жөнінде үндеу таратылып, халыққа кеңінен түсінік жұмыстарын жүргізумен басталған сенбіліктің қортындысы туралы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы А.Қалиевпен тілдескен болатынбыз.
– Шетпе селосындағы орталық саябаққа, «Досан батыр» ескерткіші маңайына 75 мемлекеттік қызметкер тазалық жұмыстарын жүргізіп, ішкі жарығы қалпына келтірілді, ағаштар түптеліп, 200 түрлі ағаш көшеттері отырғызылды. Сондай-ақ «ҚазТрансГазАймақ» АҚ күшімен Жаңа Орпа шағын ауданындағы жаңадан салынған саябақтың темір шарбақтары жөнделді. Орталықтағы саябақтың көк желегін 50-ге жуық қызметкер баптап, ағаш түптері әктелді. Тобықтыдағы Бекет Ата мешітінің жанына шырақшысының ұйымдастыруымен 100 ағаш көшетін отырғызылды. Аудандық жастар орталығының ұйымдастыруымен Маңғыстау техникалық колледжінің студенттері Ақмыш, Самал демалыс орындарын түрлі тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Орталық көшедегі қос қабатты тұрғын үйлердің арасындағы қоқыстарды «Маңғыстау жылу, су» МКК толықтай жойды, Шетпе-1 паркіндегі ағаштар әктелді. Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің, аудан әкімі аппаратының шарбақтарына 15 көшет, «Маңғыстау жылу, су» МКК ғимаратының ауласына 50, «Нұр Отан» партиясы ғимаратының жанына 5 ағаш көшеті отырғызылды. Сенбілікке Шетпе селосы бойынша 390-дай адам қатысып, «Дария» МКК, «Бай-Бег» ЖШС, «МКДСМ» ЖШС техникаларының көмегімен 17 гектар аумақ тазартылып, 120 тоннадай түрлі қалдықтар арнайы орынға төгілді.
Ақшымырау селосындағы Тобанияз атындағы орта мектептің ұжымы мен мектеп оқушылары, мәдениет үйі, селолық амбулатория мен ауыл әкімі аппаратының қызметкерлері орталық саябаққа тазалық жұмыстарын жүргізіп, мектеп ауласына 30 түп ағаш көшеті отырғызылды.
Ондыдағы «Құлыншақ» балабақшасы, мәдениет үйі, Бекі бастауыш мектебі, Онды орта мектебінің ұжымы мен оқушыларынан құралған 223 адам барлық мекемелердің ауласын тазалап ағаш отырғызуға орындар дайындады. Бұрын өсіп тұрған ағаш түптері әктелді. Оқушылардың көмегімен ауыл ішінің көшелері және Шетпе-Жетібай автокөлік жолының бойы түрлі тұрмыстық қалдықтардан тазартылды.
Тұщыбек елді мекені бойынша сенбілікке 60 адам жұмылдырылып, орталық саябақтың ішкі – сыртқы тазалық жұмыстары атқарылды. 80 түптей ағаштың түптері қопсытылып, әктелді.
Ақтөбе селолық округы бойынша сенбілік жұмысына жеке тұрғындар, мекемелерден 113 адам қатысып, 2 техника көмегімен 30 тоннадай түрлі тұрмыстық қалдықтар шығарылды. «Жасыл Әлем» МКК 1025 түрлі ағаш көшеттерін отырғызды.
Жыңғылды селосындағы тазалық жұмыстарына 2 балабақшаның, «Мәдина» тігін цехының, мәдениет үйінің қызметкерлері , жеке кәсіпкерлер қатысты. Шетпе-Жыңғылды автокөлік жолының бойындағы, ауыл ішіндегі түрлі қалдықтар тазартылды. Нәтижесінде 12 тоннадай қалдық арнайы орынға төгілді.
Жалпы аудан бойынша кезектен тыс өткізілген сенбілікте 1040 адам 1535 ағаш көшеттері отырғызып, 12 техника көмегімен 44 га аумақтан 171 тонна тұрмыстық қалдықтар төгілді. Тазалық жұмыстары 30 сәуірге дейін жалғасатын болады.
«Ауылына қарап азаматын таны» демекші қоршаған ортамыздың қауіпсіздігі, балаларымыз бен немерелеріміз ойнайтын алаңның тазалығына аудан тұрғындары жұмыла ат салысайық. «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деп өсиет еткен елдің ұрпақтары ағаш баптап, тал егуге талпынайық.
Ж.ЖИЕНӘЛІҚЫЗЫ