Қазіргі заманғы әскери теория бойынша елдің қарулы күштері төрт аяғынан тең басқан, барлық тактикалық-стратегиялық міндеттерді орындауға қабілетті болуы үшін төрт тағанды болуы керек. Яғни, қуатты елдің әскері Құрғақтағы әскерден, Әуе-қорғаныс күштерінен, Әскери-теңіз флотынан және Ракеталық-артиллериялық күштерден тұруы тиіс. Біздің елімізде осының бәрі бар. Тек Тәуелсіздік жылдарында ғана Қазақстан өзінің дербес Әскери-теңіз күштеріне ие болды. Қазақстан Қарулы күштерінің Әскери-теңіз күштері Жоғарғы Бас қолбасшы Н.Назарбаевтың 1993-жылғы 2-сәуірдегі жарлығымен құрылды. Ал, Бас қолбасшының 2003-жылдың 7-мамырындағы жарлығымен ол Қарулы күштердің құрамының дербес түрі ретінде қайта жасақталды. Оның алдында тұрған басты міндеттер – Қазақстан Республикасының территориялық тұтастығын қорғау, мемлекеттік шекараның мызғымастығын қамтамасыз ету, Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіндегі еліміздің суверенитеті мен экономикалық мүдделерін қорғау болып табылады. Құрылық әскерлерін теңізден қолдау, десант күштерінің қимылына жағдай жасау, теңіз көліктерінің навигациялық-гидрографиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, танкерлерді, теңіз платформалары мен құрылғыларын қорғау, қажет болған жағдайда іздестіру-құтқару операцияларын жүргізу сияқты басқа да толып жатқан міндеттері тағы бар. Құрамында Теңіз жаяу әскерлері, жағалау артиллериясы және Каспий флотилиясы бар. Әскери-теңіз күштерінің негізгі базасы Ақтау теңіз портының аумағында орналасқан, ал әскери кемелерден тұратын 21814 әскери бөлімінің бірнеше кемеден тұратын дивизионы Аташ кентіндегі айлақта орын тепкен. 1-сәуір күні Түпқараған осы Әскери-теңіз күштерінің құрылған күнін атап өтті. Ол халық батырлары Иса мен Досан ескерткішінің жанындағы алаңда болды. Осы жерде әскери парад формасын киген теңіз флотының 21814 әскери бөлімінің сарбаздарымен қатар басқа да әскери бөлімдердің жауынгерлері, жастар мен қала тұрғындарының өкілдері жиналды. Әнұран орындалғаннан кейін 21814 әскери бөлімінің старшиналарының жеке құрамының ант қабылдау рәсімі өтті. Мерекелік құттықтау рәсімін аудан әкімі Темірбек Асауов бастап, бүгін құрылғанына 23 жыл толып отырған Әскери-теңіз күштері – Отанымыздың қуатты қалқанына айналғанын сөз етті. «Біздің еліміздің негізгі стратегиялық-экономикалық аймақтарының бірі – Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде орналасқан. Ал теңіз 5 мемлекетке ортақ. Әлемдегі ең бір тынышсыз, аумалы-төкпелі саяси жағдай орын алып отырған жерлер бізден онша қашық емес. Сондықтан еліміз үшін теңіздегі қорғанысымыздың мықты, сенімді болуы аса маңызды. Бұл міндетті біздің әскери-теңіз күштеріміз абыроймен атқарып келеді» - деген аудан басшысы теңізшілерді мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін арнады. Мерекелік шара «Қызғалдақтар» би ансамблінің бишілері мен аудан өнерпаздарының концертіне ұласты. Соңынан аудан басшысы әскери теңізшілердің жылжымалы радиолокаторлық станциясын, басқа да әскери техникаларын көріп, сарбаздармен әңгімелесті. -Біздің әскери кемелер дивизионында Yoon Young-ha типті сүңгуір қайықтарды да жоя алатын ракеталық катерлер, Ресейден шыққан «Торнадо» типті ракеталық катерлер, Қазақстанда жасалған ракеталық-артиллериялық катерлер, Sea Delphin типті артиллериялық катерлер, АҚШ-та шыққан десанттық катерлер, миналық тралдар, көп мақсатты кемелер және шекара катерлері бар. Қазір біз елімізге теңізден төнген қатерлерге тойтарыс бере алатын қуатты күш болып келеміз. Елбасымыз әскери-теңіз күштерінің қуатының арта түсуіне үнемі қамқорлық жасап келеді, соның арқасында қатарымыз қазіргіден де қуатты кемелермен әлі де толығады, -дейді 21814 әскери бөлімінің командирі, 2-дәрежелі капитан Есенғали Байботаев.
Айсағали ҚЫДЫР