Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай облыстық бастауыш кәсіподақ ұйымдары арасында сайыс өтті. Оған облыстық кезеңге іріктеліп алынған барлығы облыстық бастауыш кәсіподақ ұйымдарынан 15 мұғалім қатысып, бақтарын сынады.
- Сайыстың бірінші кезеңі аудандар мен қалалардағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарында өткен болатын. Сайыстың қорытындысы, яғни бүгін облыстық кезеңі өткізіліп жатыр. Басты мақсат-кәсіподақ ұйымдарының беделін көтеру, ұстаздардың шығармашылық жетістіктерін көрсету. Сайысқа қатысушылар «Өнерліге өріс –кең» ән айту, «Наурыз нақыштары» слайд қорғау, «Сән-сымбат» (Дефиле) аталымдары бойынша бақтарын сынады. Бүгінгі сайысқа жақсы дайынықпен келген Маңғыстау, Қарақия аудандары мен Ақтау қаласының қатысушыларын атап өтуге болады,-дейді Маңғыстау облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы ұйымының төрайымы Тарбия Баймбетова.
Жарыс қорытындысында «Өнерліге өріс–кең» ән айту аталымы Қарақия ауданындағы №1 орта мектептің музыка пәнінің мұғалімі Меруерт Арынова, Маңғыстау ауданындағы Б.Жұмалиев атындағы орта мектептің музыка пәнінің мұғалімі Қуаныш Ізтұрғанов және Ақтау қаласындағы №6 орта мектептің мұғалімі информатика пәнінің мұғалімі Гулжанат Косщибекова жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, «Наурыз нақыштары» слайд қорғау бойынша Маңғыстау ауданы Ә.Жанкелдин орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі Айнагүл Ізтұрғанова бірінші орынды иеленсе, екінші орынға «Өрлеу» БАҰО Маңғыстау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының қызметкері Ақмаржан Ізжанова тұрақтады. Үшінші орынды Ақтау қаласындағы №5 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Мөлдір Мұратова қанағат тұтты. Ал, «Сән-сымбат» (Дефиле) аталымы бойынша бірінші және екінші орынды Ақтау қаласы №23 орта мектептің мұғалімі Айнаш Бәйімбет пен Қарақия ауданы №1 орта мектептің мұғалімі Кәмшат Сатыбекова өзара бөлісті. Үшінші орыннан Мұнайлы ауданына қарасты №4 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Гүлбану Шойтасова көрінді.
Венера МИРЛАН