©
Аймақта «Қазақстан 2050» жалпыұлттық қозғалысы аясында Ақтау қалалық азаматтық кеңесі құрылды. Мақсат - қоғамды жергілікті мәселелерді шешуге тарту, қаладағы өзекті мәселелердің оңтайлы шешімін табуына атсалысу, өңірді жақсартуға байланысты өзінің көзқарасы бар адамдарды кеңес жұмысына тарту.
Кеңестің алғашқы отырысы «Арман» жастар орталығында өтті. Оның құрамында облыстық балалар ауруханасының хирургы Айтжан Латипов, «Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы» ММ директордың орынбасары Марат Өтесінов, қалалық «Жас кәсіпкерлер ассоциациясы» ұйымының жетекшісі Ринат Бикмухаметов, «Ақтау студенттер альянсы» корпоративтік қорының атқарушы директоры Гүлмира Бурхандинова, Маңғыстау облыстық арнайы балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің каратэден жаттықтырушы Халид Халидов, Маңғыстау облыстық дзюдо және қазақша күрес федерациясының жауапты хатшысы Жамбыл Бисенқұлов, Ақтау қаласы №5 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әселхан Есжанова, «Қаражанбасмұнай» АҚ геологы Думан Ахметов, облыстық «Келешек» кәсіподақ жастар қанатының төрағасы, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ жас мамандар кеңесінің мүшесі Ғани Әбдісадық, Ақтау қалалық жастар орталығының бас маманы Гүлмира Қаппасова бар.
-Кеңес құрамындағылар өз саласы бойынша шешімін таппаған мәселелерді әр отырыста айтып, ұсынатын болады. Көтерілген мәселелердің өзектілерін біз таңдап алып, оның оң шешімін табу жолдарын қарастыратын боламыз. Алғашқы отырыста медицина саласында дәрігерлердің, білім саласында кейбір пәндер бойынша ұстаздардың және облыста археолог мамандарының жоқтығы талқыланды. Оны шешу жолдары бойынша мектептерде өз саласы бойынша жетістікке жетіп, белгілі бір белесті бағындырған мамандармен кездесу ұйымдастырып, сол мамандыққа оқушылардың қызығушылығын арттып, болашақта қоғамға қажетті мамандықты таңдауға бағыт-бағдар бергіміз келеді. Мектеп оқушыларына қызықты болу үшін кездесуді жаңа форматта ұйымдастыратын боламыз. Осылайша, өңірде тапшы мамандықтардың орнын толтыруға сәл де болса үлес қоссақ дейміз. Сонымен қатар кеңесте оқу орындарында психолог мамандардың жұмысын жүйелеу, мектеп пен ата-ана арасындағы байланысты нығайту, жастардың спортқа белсенділігін арттырып, әр түрлі бағытта шаралар ұйымдастыру арқылы тұрғындарды салауатты өмір салтын сақтауға шақыру сөз болды,-дейді Ақтау қалалық азаматтық кеңесінің үйлестірушісі, кеңес мүшесі Гүлмира Бурхандинова.
Венера МИРЛАН