Жаңаөзен қаласында 1 шағынаудандағы 19 үйдің 1 қабатындағы пәтердің едені жертөлеге құлап түсті. Оқиға 2019 жылдың 3 қаңтары күні түнгі 12.30 шамасында болған. Зардап шеккендер жоқ, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. «Маған түнгі 12.30 шамасында тұрғын үй шаруашылығы бөлімінің басшысы Болат Байбозов телефон шалып, "Шаңырақ" шағынауданындағы бір пәтердің едені жертөлеге түсіп кеткенін айтты», - дейді Тұрғын үй инспекциясының басшысы Сүйіндік Мұхамедов. Мәліметті ести сала сағат 1-ге таман Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Ғалым Байжанов, қалалық тұрғын үй шаруашылығы бөлімінің басшысы Болат Байбозов, төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары сол пәтерге барған. 4 қаңтар күні Жаңаөзен қаласы әкімдігінде әкімнің қаулысымен төтенше жағдайлар жөнінде комиссия құрылған. «Еденнің бір бұрышы жертөлеге түсіп кеткен екен. Қаланың барлық шаруашылық және сервис қызметтері жұмысты өзара бөлісіп, 6-7 қаңтар күндері жертөлеге толықтай темірден тіреуіш қойдық. Бетондардың сынығы шығарылды. Қазір жертөле толықтай тазартылды. Енді арматураларды дәнекерлеп, кіреберіс дәлізіне бетонды қайта құямыз. Бетон толық кебуі үшін үш күндей уақыт керек», - деп атап өтті Сүйіндік Мұхамедов. https://youtu.be/98QC0TCRqiY Салынғанына 50 жылдай уақыт болған бұл үйде 60-қа жуық пәтер бар. Осы үйдің тұрғындары өзінің қауіпсіздігі үшін алаңдап, жергілікті атқарушы биліктен үйді апатты деп тануды сұрап отыр. Алайда Жаңаөзен қаласы әкімдігі үйді апатты деп танудың өз тәртібі бар екенін айтады. Ол үшін тәуелсіз сарапшылардың қорытындысы қажет. Әкімдіктің айтуынша, тәуелсіз сарапшы тұрғындар өзі таңдап, оның қызмет ақысын өздері төлеуі тиіс. Айта кетелік, 2017 жылдың желтоқсан айының ортасында Жаңаөзен қаласында көп қабатты үйдің пәтерінде дәл осындай жағдай болған еді. Онда да пәтердің едені жертөлеге түсіп кеткен болатын. Ал желтоқсанның соңында «Шұғыла» шағынауданындағы №11 үйдің баспалдағы жертөлеге опырылып түскен. Естеріңізг сала кетейік, Жаңаөзен қаласындағы апатты және тозығы жеткен үйлерді жоюдың 2018-2022 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданған. Қазіргі таңда қала бойынша барлығы 262 көпқабатты тұрғын үй бар, олардың 53-і тозығы жеткен үйлер. Оның ішінде, «Шаңырақ» шағынауданындағы №59 апатты жағдайдағы үй тұрғындарына бюджет қаражаты есебінен пәтерлер сатып алынған. Былтыр қазан айында сайтымызда жарияланған сұхбатында Жаңаөзен қаласының әкімі Әділбек Дауылбаев "5 жыл ішінде қаладағы тозығы жеткен үйлердің проблемасы толықтай шешіледі" деген болатын.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Сурет пен видеоны тұрғын үй инспекциясы ұсынды
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="68994,68995,68996"]