Сириядағы Қазақстан азаматтарын құтқару бойынша "Жусан" операциясы 2019 жылғы 5-6 қаңтар күндері жүргізілген. Нәтижесінде Сириядан Ақтауға Қазақстанның 47 азаматы эвакуацияланды. Бұл туралы Ақорданың ресми сайтында жарияланды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Қазақстан азаматтарын Сириядан эвакуациялау бойынша гуманитарлық шара Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен жүргізілген.
Ақорда ұсынған видеода 5-6 қаңтар аралығында жүрген "Жусан" операциясы аясында эвакуациялау барысы толықтай көрсетілген:
5 қаңтар сағат 10.30-да операцияға қатысқан құқық қорғау органдары өкілдері Ақтау халықаралық әуежайына жиналып, сағат 11.30-да Ақтаудан Сирияға ұшып кетті.
Сол күні сағат 15.45-те эвакуация орнына келіп жетті.
Эвакуация орнында Қазақстан азаматтарын жинап, сағат 19.30-да эвакуация орнынан Ақтауға кері ұшады.
6 қаңтар күні сағат 02.10-да Ақтау халықаралық әуежайына келіп қонды.
Эвакуацияланған Қазақстан азаматтары сағат 04.32-де Ақтау қаласындағы карантин орталығына орналастырылды.
Эвакуацияланған азаматтармен қазір әлеуметтанушылар мен психологтар жұмыс жасап жатыр.
Екі күнге созылған "Жусан" операциясының нәтижесінде Қазақстанның 47 азаматы Сириядан елге оралды. Олардың 11 әйел адам, 30 бала. Балалардың көпшілігі - 1-5 жас аралығында.
https://youtu.be/3atQIhOmrkA"Биылғы 6 қаңтарда менің тапсырмам бойынша құқық қорғау органдары мен Сыртқы істер министрлігі жүргізген гуманитарлық шара нәтижесінде Сириядан 47 азаматымыз, соның ішінде 30 бала елімізге қайтарылды.
Олар дағдарыс жайлаған елге алданып барып, террористердің тұтқынында болды. Қазақстанға келген соң әйелдер мен балаларға мемлекет тарапынан барлық көмек көрсетілді. Осындай ауыр жағдайға ұшыраған бұл кінәсіз жандардың қуанышында шек жоқ. Олар бір ай бойы бейімдеу орталығында болып, қажетті медициналық көмек алады. Атқарылған жұмыс мұндай келеңсіз жағдайлардың алдын алуға септігін тигізеді.
Қазақстан өз азаматтарына қай жерде жүргеніне қарамастан әрдайым қолдау көрсетеді. Біздің негізгі міндетіміз – еліміздің қауіпсіздігін, халқымыздың береке-бірлігі мен тұтастығын қамтамасыз ету. Қақтығыс аймағында еріксіз жүрген балаларды қайтару жөніндегі жұмыстарды жалғастыра беретін боламыз", - деп мәлімдеді ҚР Президенті Н. Назарбаев.
Скриншоттар видеодан алынды
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="69026,69025,69029,69030,69028,69027"]