Өңірлік коммуникациялар алаңында Маңғыстау ауданының әкімі Жармағамбет Айтуаров ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндама жасады. Одан соң журналистер мен тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Біз де оқырмандарымыздың сауалдарын аудан басшысына жеткізген едік. Сұрақ-жауапты назарларыңызға ұсынамыз.
Әлібек Теңелбаев: Ауруханаға баратын жолдың жарықтары неге қосылмайды? 90 жылдықта 1-ақ күнге қосылды.
Ж.Айтуаров: Ол жарықтандыруды «Денгиз инчат» мекемесі жасаған. Жарық ауданның 90 жылдығында 1 күнге емес, біразға дейін қосулы тұрды. Дегенмен трансформатор өшіп қала бергендіктен, сөндіріп қойды. Қазір ақаулары қалыпқа келтіріліп жатыр. Дәл осындай мәселе тек Шетпеде емес, Жетібай ауылына кіреберісте жолдың бойындағы жарықтарда да бар. Сондықтан әкімдік 90 жылдыққа қосып қойды, басқа уақытта ажыратып тастады деу дұрыс емес, түсіністікпен қарау керек. Сонымен қатар көшелерді жарықтандыруға байланысты Ескі Шетпе, Ащыбұлақ ауылдарына жарық орнатылды. Әр елді мекенде жарыққа қатысты жұмыстар бар, құжаттарға сәйкес кезең-кезеңімен жасалынып жатыр. Байқасаңыздар, Бекі ауылының жанынан өтіп бара жатқанда қараңғы, сол жерге жаңа жылға дейін мүмкіндігінше жарық қосқалы отырмыз.
Бердібек Қойшыбаев: Тұщықұдық ауылына футбол ойнайтын алаң салынады деп еді. Бұл мәселенің қозғалғанынан 3-4 жыл болды. Ауылда алаң қашан салынады?
Ж.Айтуаров: Сұрағына рақмет. Бұл алаң бойынша қаржысын бөліп, конкурсын өткіздік. Жеңімпазын анықтадық, бірақ конкурс ойнатқан адам құрылысын салмай кетті. Жосықсыз өнім беруші болып шықты. Ақша кеткен жоқ, бір тәуірі. Сондықтан биыл сол ауылға Ақтау қаласындағы стадионнан шыққан газонды апарып төседік. Кезең-кезеңімен басқа ауылдардың алаңына да төселеді.
Ерболат Жұбанов: Жыңғылды Шетпе арасында көпір жөнделіп жатыр, осындай көпірлерді Бекі елді мекені жанынан мал өтуге арнап салса. Өйткені осы жылы Бекі ауылының жанынан 80-ге жуық ірі қараны көлік қағып, адам шығыны болған.
Ж. Айтуаров: Иә, сол тұста апат жиі болды. Сол себепті ауылдың екі жағынан көліктерге арналған жылдамдықтың «60» белгісін қойдық. Сонымен қатар жолда арнайы ІІБ мамандары тұрғандықтан, жылдамдықты асыратын көліктер де, апат та азайды. Бекіге бірінші кезекте жарықты, екінші байланыс желісін орнатуымыз керек. Осыған байланысты тиісті жұмыстар жасалып жатыр.
https://youtu.be/-0RKSygRwWMНәдірбек Есболов пен Бану Дәрібаева бірдей сұрақ жолдапты: Тұщықұдық пен Шебір арасындағы бір жылдық эксперименттік жол бұзылды, енді сол жол қашан жөнделеді?
Ж. Айтуаров: Бұл облыс көлемінде алғаш болып пилоттық жоба ретінде жасалған, қаржысы берілмеген жұмыс. Асфальт емес, қиыршық тас және смола төселген. Сондықтан ол жер қайтадан жасалады.
Жыңғылды аулының тұрғыны Бердібек Мұқанов: Ауылдық жерлерге таратылып тұрған арналардың кейбіреулері көрсетпей тұр. Өзі 15 арна еді көріп отырғанымыз. «Гәкку» арнасы қосылады деп еді, ол да жоқ. Осыған байланысты не айтасыз?
Ж. Айтуаров: Спутниктік хабар таратуға қосылдық. Енді ол ауылда қандай арналар көрсетпей тұр, анықтап білейін.
Бердібек Мұқанов: Аудан халқының көпшілігі мал ұстайды. Жыл сайын мал ауруының әр түрі шығады. Осыған сараптама жасап отырған мекеме бар ма екен?
Ж. Айтуаров: Мал болған жерде ауру болады. Жармыш, Жыңғылды, Сай-өтес ауылдарында мал аурулары шықты. Күні кеше Жыңғылды ауылындағы мал өлімі әлеуметтік желіге жарияланыпты, өзім де көрдім. Мамандар дер кезінде барды, зертханаға тапсырды. Олар анықтап, жауабын айтатын болады. Мал ауруының алдын алу, егу шараларымен айналысатын ветеринария стансасы жұмыс істейді, басшысы – Озған Саттар. Бірнеше ауылдың ветеринар дәрігерлері бар. Сондықтан мал ауруы байқалғанда дер кезінде хабарлауды қаперге береміз.
Өтебай Шамырханов: Бекі ауылына байланыс орнатылса.
Ж.Айтуаров: Ауыл мектебінде интернет өте жақсы. Ал ұялы байланыс бір жерде ұстаса, бір жерде ұстамайды. Болашақта оны реттеу үшін биік мұнара орнатылды. Қазір «Қазақтелеком» арқылы жұмыс жүріп жатыр.
Аудан басшысы Маңғыстау ауданының 90 жылдығы қарсаңында жарық көрген кітап жөнінде де айтып өтті.
"«Маңғыстаудың тарихы таста қалған» атты кітапқа өлкеміздің киелі орындары енді. Маңғыстау ауданының 12 селолық округында жаз бойы бірнеше азамат қызмет етті. Оның ішінде, Әнес Сегізбай, Жәнібек Қожық, тарихшы Салтанат Талпақова, «Жаңа өмір» газетінің қызметкерлері, фотограф Талант Құсайын барлығы жұмыстан тыс уақытта күннің ыстығына қарамай елді мекендерді аралады. Сисем ата, Ман ата, Масат ата, Тұзбайыр т.б тау-тасты аралап, үш тілде жазып шықты. Туындыны Маңғыстау ауданының әкімдігінен және «Нұр Отан» партиясынан алуға болады. Бірақ Тәуелсіздік күнінен соң тұсаукесерін жасап, халыққа ұсынатын боламыз", - деді ол.
«Қоқыс салатын жәшіктер қашан орнатылады?» Шетпедегі тазалық мәселесіне қатысты жолдаған тұрғын сауалына әкім былай жауап берді:
«Тазалық біріншіден, әркімнің өзіне керек. Жиналыстар мен басқосулардың бәрінде де айтып жүрмін. Жыл сайын тазалыққа бөлінген қаржыдан контейнерлерді алып беріп тұрмыз. Жақын күндері Шетпеге тағы 200-дей контейнер алынады. Ал 270-і бұрыннан бар. Кей жағдайлар кездеседі, тұрғындар үйден шыққан қоқыс қалдықтарын полигонға, арнайы орынға апармай, сай-салаға төгіп кетеді. Осындай азаматтарды дәлелдеп, жергілікті әкімдерге, ІІБ мамандарына беріп, айыппұл салдырған кезіміз болған. Қазір контейнер керек дейтін азаматтар әкімдері арқылы хабарлассын, тауып береміз».
https://youtu.be/I--pUwQYLHY«Таушық-Шетпе жолы қашан жөнделеді?»
Ж.Айтуаров: Осыдан екі жыл бұрын мемлекеттік сатып алу конкурсы ойнатылып, жұмысы басталған. Қаржысы тоқталып қалған, бірақ жобасы барлығы бар. Алдағы жылдың еншісінде тұр. Биыл бірнеше бөлігі соған қарамастан жөндеуден өтті.
«7 мектепке автобус берілмей ме? Балалар жаяу жүр»
Ж.Айтуаров: Осы оқу жылының басында қыркүйек айында берілген мектеп. Келесі жылы оны қарастырамыз.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА Сурет пен видеоны түсірген Талант ҚҰСАЙЫН