©
14 қараша күні республика бойынша жалпыхалықтық диктант өтті. Оған 2 миллионға жуық тұрғын қатысып, «Рухани жаңғыру» тақырыбында диктант жазды.
90 сөзден тұратын латыннегізді мәтінді қатысушылар жарты сағат көлемінде жазып шықты. Республикалық шарадан соң арнайы жұмыс топтары диктанттың нәтижесін 5 жұмыс күні ішінде жариялауы тиіс. Соған сәйкес облыстағы жұмыс топтары бүгін Маңғыстаудағы диктанттың қорытындысын шығарды.
Маңғыстау облысынан жоспарланғандай, 80 мың адам бір мезетте диктант жазды. Оның ішінде 3273 – мемлекеттік қызметші, 18953 – мемлекеттік қызмет ұсынатын ұйымдар қызметкері, 21719 – студент, 21828 – оқушы, 14227 – басқа да қатысушылар бар. Бұл жөнінде тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Айгүл Ықыласқызы мәлімдеді. Оның айтуынша, қатысушылардың 40 312 – өте жақсы, 31 712 – жақсы, 7976 – қанағаттанарлық баға алған.
Диктантқа Жаңаөзен қаласынан – 15178, Ақтау қаласынан – 9320, облыстық білім басқармасынан – 18 000, Қарақия ауданынан – 5 мыңнан аса, Бейнеу ауданынан – 5400, Түпқарағаннан – 5000, Мұнайлыдан – 7000, Маңғыстау ауданынан – 5000 адам қатысқан.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА