Ақтауда Ержан хазірет (Ермұхаммед) Төлегенұлы мұралары тағылымына арналған «Ілімнің бұлағы – кемелдік нәрі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференция аясында Ержан хазіреттің ұстаған бұйымдары, киімдері мен қолжазбаларынан құралған мұражай-көрме ұйымдастырылды. Сонымен қатар Ержан Төлегенұлының екінші кітабының тұсаукесері өтті.
Конференция жұмысына Қоғамдық даму министрлігі Қоғамдық келісім комитеті төрағасының міндетін атқарушы Балғабек Мырзаев, ҚМДБ төрағасының орынбасары Бауыржан Есмахан, «Нұр-мүбәрак» университетінің проректоры Қайрат Құрманбаев, «Нұр-мүбәрак» университетінің дінтанушы ғалымы Мұқан Исахан, яссауитанушы Дайрабай Рысбай, Қабиболла Сыдиықұлының жары, Ержан хазіреттің қолжазба мұраларын сақтап, бүгінгі ұрпаққа жеткізуші Гүлшат Омарқызы мен Ержан хазіреттің қызы Несіп апай қатысты.
Конференцияның жұмысына Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов сәттілік тілеп, Ержан хазіреттің мұраларының маңыздылығына тоқталды.
«Бүкіл қазақтың басына түскен қасіретті кезеңдерде руханиятты берк ұстаушы, қоғамдық негіздің шын жанашыры болған, ұстаз Ержан хазірет бірнеше рет сотталып, түрменің ауыртпалығын да көрді. Түрме қызметкерлерінің масқара, мазақ нысанына айналдыруға тырысқан оспадар қылықтарын да куә болды. Тек ұлы күшке сеніп, ақ жолдан айнымаған ол қандай қиындыққа да сабырлықпен қарады, елдің жарқын болашаққа сенді. Ержан хазіреттің қолжазбасының табылуын бүгінгі ұрпақпен қауышуы десек артық емес. Өз замандастарына бірнеше данасын таратқанымен, бізге тек бір ғана данасының жетуі - кеше мен бүгіннің үзіліп барып жалғанып, жоғала жаздап жаңғыруындай көрінеді», - деп атап өтті облыс басшысы Е. Тоғжанов.
«Қоғамдық келісім комитетіне осыдан бірнеше ай бұрын «Ілімнің бұлағы – тақуалық қайнары» деген кітабы келіп түскен кезде Ержан хазіреттің еңбегімен тереңірек танысуға мүмкіндігім болды. Осы Маңғыстау өңірінде елімізге танытуға лайықты тұлғаның бар екенін көрдім. Ержан хазірет бала оқытып, шәкірт тәрбиелеген кісі. Бұл кісінің өмірін зерттеген кезімізде, шын мәнінде, шариғат діні бір жағында, дүнияуи, заманауи діндер екінші жағында, құстың қос қанаты сияқты алып жүргенін көреміз. Дінді дұрыс түсінбеу қоғамда діннің радикалдануына негіз болып отыр. Сондықтан діннің түрлі теріс бағытта кетуіне тоқтау қоятын бірден-бір жолы – осындай тұлғалардың еңбектерін кеңінен насихаттау, халыққа жеткізу», - деп атап өтті Қоғамдық даму министрлігі Қоғамдық келісім комитеті төрағасының міндетін атқарушы Балғабек Мырзаев.
Б.Мырзаевтың айтуынша, дінді теріс түсінудің неге әкелетінін қазақ қоғамы 2011, 2012 жылдардағы Атыраудағы, 2016 жылғы Ақтөбеде болған оқиғалардан көріп отыр.
«Діндарлықтың жылдам өсуі осындай ер тұлғалар болмаса, қауіп-қатерге де апарады. Әл-Фарабидің «тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» дегені осы. Неге мыңдаған жылдар бойы еліміздің аумағында діни негіздегі алауыздық болған жоқ та, соңғы 20 жылдың ішінде бұл көрініс белең ала бастады? Өйткені тәуелсіздік алғаннан кейінгі діни ахуалды зерттеу барысында халық өзінің негізінен, түп-тамырынан ұзақтаған сайын қоғамның және діндарлардың радикалдану мәселесі алға шығатынына көзіміз жетті», - деді ол.
Коференцияға арнайы келген Қабиболла Сыдиықұлының жары Гүлшат Омарқызы жарының күнделігінен үзінді оқып беріп, атасы Сыдиықтың Ержан хазірет жайлы естеліктерін жеткізді.
«Атамның ұстазы Ержан хазіреттен 4 жас кішілігі бар және бір жыл ерте қайтыс болды. Атамыз дүние салғанда Ержан хазірет кәкеміз арабша хат жазған екен. Сол хаты кейін табылды. Қабекең 1949 жылдан бастап хат алысқан адамдардың барлығының хаттарын жыл-жылға бөліп, екі кітап қылып түптеп қойған. Ержан хазірет туралы мәлімет сұраған кезде 1965-1966 жылдардағы хаттар түптелген кітаптар қарап, тауып берген едім. Одан кейін Иманшартты сұраған еді. Қабекеңнің осы екі үлкен адамнан тәлім-тәрбие алғаны, өзінің мұқияттылығы болуы керек, сол хатты да, Иманшартты да сақтап қойған екен», - деген Гүлшат Омарқызы Қ.Сыдиықұлы сызған Шақпақ-атаның сызбасы мен суретін кітап шығарушыларға тапсырды.
Сонымен қатар Г.Омарқызы Маңғыстау облысының әкіміне Қ.Сыдиықұлының бір сапардан әкелген жәдігер-домбырасын тапсырды. Облыс басшысы Е.Тоғжанов домбыраны Маңғыстау өлкетану музейіне табыстады.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="65911,65908,65905,65909,65907,65910,65906"]