Ақтауда өтіп жатқан бокстан Қазақстан чемпионатында 91 келіден жоғары салмақтағы боксшылардың кездесуінен кейін шетелдік қазылар қазақстандық судьялардың шешімін қайта қарады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Спортс.кз сайтына сілтеме жасап.
Ширек финалда қостанайлық Данил Семенов пен маңғыстаулық Айболды Дәуренұлы кездесіп, қазақстандық судьялардың бесеуі де жеңісті Семеновке берген болатын.
Алайда Маңғыстау командасы қарсылық білдіру құқығын пайдаланып, шетелдік қазыларға жүгінді. Ел чемпионатында даулы мәселелерде соңғы шешімді қабылдау үшін үш судьядан құралған шетелдік қазылар қарастырылған.
Шетелдік қазылардың пікірі алғашқы шешімге мүлдем кереғар болып шығып, қазылардың үшеуі де жеңісті 20 жастағы боксшы А.Дәуренұлына берді. Осылайша маңғыстаулық боксшы 3:0 ұпайымен жартылай финалға жолдама алды. Ол жартылай финалда Түркістан облысының спортшысы Нұрлан Сапарбаймен жұдырықтасатын болады.
Жартылай финалға А.Дәуренұлымен бірге маңғыстаулық 6 боксшы өтті.
Естеріңізге сала кетейік, 12 қараша күні Ақтауда ерлер арасындағы бокстан Қазақстан чемпионаты басталған болатын. Қазақстанның үздік боксшыларын анықтайтын чемпионат 18 қарашада аяқталады. Оған республиканың 14 облыс, 3 қаласынан 200-ден аса спортшы қатысып жатыр. Олардың арасында әлемдік ареналарда топ жарып жүрген Қайрат Ералиев, Василий Левит, Әбілхан Аманқұл, Асланбек Шымбергенов, Бекдәулет Ибрагимов, Абылайхан Жүсіпов, Теміртас Жүсіпов, Ілияс Сүлейменов, Ерік Әлжанов және ағайынды Төлтаевтар бар.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Көрнекі сурет Талант ҚҰСАЙЫН