©
Маңғыстауда 1000-ға жуық әскерге шақырылушы іздестірілуде. Бұл жөнінде бүгін ӨКҚ-де өткен брифингте айтылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жиында МО Қорғаныс істері жөніндегі департаменті мамандары әлеуметтік желіге жарияланған «әскери киімдегі адамдар Ақтау қаласының азаматын автокөлікпен алып кетуге тырысты» деген ақпардың мән-жайын түсіндірді.
2018 жылғы күзгі әскерге шақыру науқаны негізінде 18-20 жас аралығындағы жастарды әскерге шақыру жұмыстары басталған. Шақырылушылардың жалпы саны – 700, қазір олардың 400-і әскерге кетті.
«2018 жылы 14 қараша күні әскери есепте тұрған азаматтарды анықтау, медициналық комиссиядан өту үшін жергілікті әскери басқару органына жеткізу, сондай-ақ уақытылы және мүлде келмеген мерзімді әскери шақырылушыларды жұмыс орындары бойынша іздестіру іс-шаралары жүргізілді. Бейнежазбадағы азаматты жұмыс орнынан алып кетейін деп жеке меншік көлікке күштеп отырғызған жоқ. Оның әскери есепте тұрғандығы және медициналық комиссиядан өткендігі туралы мәліметті нақтылау үшін көлікке отыруын өтінген болатын», - дейді МО Қорғаныс істері жөніндегі департаменті басшысының орынбасары, жасақтау басқармасының басшысы Шынболат Ақмұратов.
Әскерге шақыру қағазы таратылғанымен, келмейтіндері біршама дейді мамандар. Қазіргі мәлімет бойынша олардың қатары 1000-ға жуықтаған.
-Маңғыстау облысында әскерге шақыруға жататын жастардың 1000-ға жуығы шақыру қағазын алғанымен, жергілікті әскери басқару органына келмеген, іздеуде жүргендер. Олар мекен-жайы бойынша нақты ақпарат бермейді, есіктерін ашпайды немесе ата-ана, туыстары олар туралы дұрыс мәлімет айтпайды. Азаматтарды үйлерінен таба алмағандықтан жұмыс орындарынан іздеуге шықтық. Осындай рейдтік шаралар барысында өзге өңірлерде әскери есепе тіркеуде тұрып, Ақтауда жұмыс істеп жүргендер де анықталды. Соның бірі – ғаламторда тарап кеткен бейнежазба кейіпкері. Оның құжаттарын тексеру барысында Оңтүстік Қазақстанда тіркеуде тұрғанын анықтадық және ескертіп айттық, - дейді Шынболат Ақмұратұлы.
18-27 жас аралығындағы ер азаматтар мекен-жайы бойынша тіркеуге тұрып, бір апта ішінде әскери есепке тіркелуі қажет. Олай болмаған жағдайда әкімшілік шара қолданып, айыппұл салынатынын айтты мамандар.
«Ал шақыртуға келмеген азаматтарға алдымен ескерту беріледі. Артынша тізімін ІІБ-не жібереміз. Азамат қызмет етуден бас тартқан жағдайда бірінші әкімшілік жазаға, артынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады», - дейді Ақтау қаласы қорғаныс істері жөніндегі басқарма басшысы Саламат Хайроллаұлы.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА