Маңғыстаулық дзюдошы Руслан Мусаев Астана қаласында өтіп жатырған дзюдодан Қазақстан Республикасының чемпионатында күміс жүлдегер атанды. Бұл туралы mangystaumedia.kz сайтына Маңғыстау облыстық дзюдо федерациясы хабарлады.
81 келі салмақта күресетін 20 жастағы дзюдошы финалға дейін Қостанай, Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының дзюдошыларымен белдесті. Ақтық сынға жолдама алу үшін Алматы қаласының спортшысы, ҚР Чемпионы Қажымұқан Өтеулиевпен кездесіп, жеңіске жетті. Алайда Руслан алтын медаль үшін кездесуде Қызылорданың тумасы Саламат Жұрқабаевқа жол берді.
Осылайша, Маңғыстау облысының қоржынында 3 алтын, 2 күміс медаль бар. Бұған дейін дзюдодан Қазақстан чемпионы атағын ерлер арасында Бауыржан Нарбаев жеңіп алса, қыздар арасында Ақниет Тұрдан мен Анна Казюлина иеленгенін, ал күміс жүлдені 57 келі салмақта Камшат Қарасайқызы алғанын хабарлаған болатынбыз.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ, Суретті МО Дзюдо федерациясы ұсынды