Ақтауда «Жарқын болашаққа – Жаңғыру жолымен» атты Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXII сессиясы өтті. Облыс әкімі Е.Тоғжанов төрағалық еткен сессия отырысына Қазақстан халықтары Ассаблеясы төрағасының орынбасары Тварионас Виталий Ионо, ҚР Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының сектор меңгерушісі Нәзипа Шанай, «Қоғамдық келісім» өкілдері, республика бойынша делегаттар, мәслихат хатшылары мен депуттатары, аудан және қала әкімдері қатысты.
Аймақ басшысы Ералы Лұқпанұлы облыста Ассамблея аясында жасалған жұмыстарды қорытындылады. Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы өңірдегі барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа біріктіре отырып, облысымыздағы тұрақтылықты сақтау мен ел дамуына айтулы үлес қосып жүргендігін айтып өтті.
«Біздің міндетіміз – Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін арттыру және еліміздегі қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтау. Сондықтан, әрбір жасаған жұмыстарымызға жауаптылықпен қарауға тиістіміз. Дамыған 30 елдің қатарына енуге ұмтылған Тәуелсіз Еліміздің алға қадам басқанында Сіздердің әрқайсыларыңыздың үлестеріңіз бар! Сол үшін де Сіздерге ерекше алғысымды білдіремін. «Бірлігі бар елдің, тірлігі де берекелі болады» - деген дана халқымыз. Жұмылып жасаған ісіміздің нәтижелі болары анық», - деді Е.Тоғжанов
Сессия барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Виталия ИоноТварионас құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ, «Қырғызстан-Астана» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ш. Исмаилов, «Булгар» татар этномәдени бірлестігінің өкілі, StreetWorkaut 2018 жыләлем чемпионы И.Ягьяев, Жиһаз шығару цехының директоры А.Чигин, сөз сөйледі. Ш. Есенов атындағы КМТИУ «Қазақстан халқы Ассмаблеясы» кафедрасының меңгерушісі А.Мамбетова Елбасы жолдауын талқылап, ҚХА жанындағы ғылыми-сараптамалық топтың атқарған жұмыстарына тоқталды.
«Бүгінде облыста 20 этномәдени бірлестік бар. Олар еліміздің қоғамдық өміріне, аймақта өтетін шараларға белсенді қатысады. Биыл Ақтауда жаңа ассамблея ғимараты пайдалануға берілді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстық ассамблея «Ұлы дала елі мұрасы» тарихи акциясын, «Асар. Жомарт жүрек» қайырымдылық акциясын өткізді. Жыл сайын қайырымдылық мақсатта меценаттар форумын өткізіп келеді. Елбасы жолдауын жүзеге асыруда белсенділік танытатын ҚХА кеңесінің 6 қазан күні Астанада кеңейтілген отырысы өтті. Жолдауда көрсетілген нақты бағыттар бойынша жұмыстар жоспарланды», - деген Виталий Ионо Астана қаласының 20 жылдығына Маңғыстау облысы тарту еткен ассамблея ғимараты үшін астаналықтар мен ассамблея мүшелері атынан алғысын білдірді.
«Мен Ақтау қаласында дүниеге келдім, осында өстім. Ресейде білім алып, Канада елінде іс-тәжірибеден өткен соң туған өлкеме оралдым. «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы өңірлік штабының мүшесімін. Оқушы кезімде отбасылық кәсіпті дамытуға ата-анама көмектестім. Сол кезде-ақ менде өз жиһазымды шығару ойы пайда болды. Қазір Ақтау, Жаңаөзен қалаларынан дүкендерімді аштым, өнімдерімізді «made in Mangystau» деп шығарып жатырмыз. 35 адам қызмет етеді. Шағын және орта бизнестің дамуы экономикамыздың өрлеуінің бірден-бір жолы. Сондықтан алдағы уақытты дүкенімді Қазақстанның барлық қалаларынан ашуды мақсат етіп қойдым», - дейді жиһаз шығару цехының директоры А.Чигин.
Ал «Вайнах» шешен және ингуш этно мәдени бірлестігінің өкілі Д. Элимханов: «Келесі жылды Елбасымыз «Жастар жылы» деп жариялағаны белгілі, бұл жастарға көбірек көңіл бөлінеді деген сөз. Сондықтан біз өз еңбегімізбен, білімге құштарлығымызбен және нақты істерімізбен еліміздің даңқын шығаруға міндеттіміз! Бізге тәуелсіздікті сақтау және нығайту үшін ерекше жауапкершілік жүктелді! Тәуелсіздігіміздің тұғыры – мемтелкеттік тіліміз. Елбасымыз айтқандай, мемлекеттік тіліміз бұл – Ту, Елтаңба, Әнұран сияқты ұлтымыздың символы, еліміздің болашағы. Сондықтан 2016 жылы қазақ тіліне ден қойып, үйрене бастадым. Өйткені біз осылай ғана мәдениетімізді, дәстүрімізді, тәуелсіздігімізді сақтай аламыз», - деді өз баяндамасында.
Сессия соңында облыс әкімі Е.Тоғжанов белсенді қоғамдық қызметі, ұлттық бірлікті нығайтуға және қоғамның рухани дамуына қосқан үлесі үшін облыстық этномәдени бірлестіктер мүшелеріне Алғыс хат табыстады.
Іс-шара соңында сессия қатысушылары мен қонақтарға кішігірім концерттік бағдарлама ұсынылды.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="65710,65709,65708,65707,65706,65705,65704"]