Ақтауда 3-4 қарашада өткен «Маңғыстау-Арена» спорт кешенінде ерлер мен әйелдер арасында дзюдодан Тұрар Жолдыбаевты еске алуға арналған ашық Азия кубогы өз мәресіне жетті.
Аталмыш турнир 2009 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Биыл Азия дзюдо одағының күнтізбесіне сәйкес өткізіліп отырған турнирде Қазақстан, Қырғызстан, Грекия, Тәжікстан, Моңғолия, Өзбекстан және Грузиядан жиналған 100-ден аса ең мықты деген дзюдошылар бақ сынады.
Жарыстың салтанатты ашылуына Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Спорттық жекпе жек және күш қолданылатын спорт түрлері Конфедерациясының бас директоры, Қазақстан дзюдо федерациясының вице-президенті Елдос Рамазанов және Азия дзюдо одағының спорт директоры Дэвид Картер, Маңғыстау облысы дзюдо федерациясының президенті Асылбек Жолдыбаев, Халықаралық антиядролық «Невада-Семей» қозғалысының вице-президенті Сұлтан Картоев қатысты. Сондай-ақ, Қазақстан дзюдо федерациясының бас хатшысы Асхат Житкеев, Қазақстан дзюдо федерациясының атқарушы директоры Самат Жылқыбаев, Әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері Максим Раков, Азамат Мұқанов, Отгонцэцэг Галбадрах сынды еліміздің бетке ұстар дзюдошылары қонақ болды.
Жарыстың ашылуы салтанатында Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов қатысушыларға сәттілік тілеп, осындай үлкен шараға жиналғандарға алғысын білдірді.
Жарыс қорытындысы бойынша, Қазақстан құрамасы жарысты 7 алтын, 10 күміс, 13 қола медальмен жалпыкомандалық есепте 1 орынмен аяқтады. 4 алтын иеленген Грекия құрамасы екінші орынға жайғасса, 1 алтын, 1 күміс медальмен Тәжікстан ұлттық құрамасы үздік үштікті қорытындылады.
Айта кетейік, Тұрар Жолдыбаевты еске алуға арналған ашық Азия кубогы лицензиялық турнир болып табылады. Сондықтан турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне рейтингтік ұпайлар беріледі. Мәселен, бірінші орын иегері 100 ұпайға ие болса, екінші орын алған дзюдошы 60 ұпай, үшінші орыннан көрінген спортшыға әлем рейтингінде 40 ұпайдан қосылады.
Асылзат Өсерқызы
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="65071,65072,65073"]