Иран Ғайып шығармасы желісімен сахналанған спектакль Маңғыстау театрының репертуарына қосылды. Кеше даңқты философ пен қолбасшының кездесуін суреттейтін қойылым көпшілік назарына алғаш рет ұсынылды.
Жиылған қауым аңызға арқау болған тұлғалардың өмірімен танысты, өткенге көз жүгіртіп, даналық пен қайсарлықтың кездесуіне куә болды.
Қолбасшы Грекияны жаулап алған соң әйгілі философты арнайы іздеп келеді. Бөшкеде ғұмыр кешетін кәрі-құртаң жарлының атағы жарты ғаламды жаулаған өзімен тең болғанын таң. Мұнда келген себебі де соны білмек.
Ал Диогенді даңқты еткен данышпандығы мен Бөшкесі еді. Өзінің бұл өміріне риза ол адамдарға даналығын дәріптеп, тақуалықты уағыздаудан жалықпаған. Ескендірді қантөгіске құмар десек те бір мезетте бойынан мейірім табы да сезіле алатын. Абыздан естіген құнды ойды, саралы сөзді бағалай білетін.
-Бұл қойылымда бұдан 3 мың жұл бұрынғы үлкен философ Диогеннің бәрінен баз кешіп, бөшкеде өмір сүргені бейнеленеді. Жарты әлемді басқарған Македонскиймен кездесуін, екеуінің арасында болған жайтты көре аласыздар. Облыс әкімі Ералы Лұқпанұлының тапсырысымен, қолдауымен қойылып жатқан спектакльдің театр репертуарына қосар өзіндік үлесі бар деп есептеймін, - дейді театр басшысы Нұрнияз Мұқанов.
Спектакльдің ерекшелігі – екі кейіпкер ғана ойнауында және соған қарамастан көрерменді жалықтырмай, өзіне баурауында.
-Шығарма түпнұсқасында «Бөшке» деп аталады, бірақ біз оны «Диоген мен Ескендір» деп өзгерттік. Яғни, қос тарихи тұлғаның кездесуі. Өмірде болған оқиғаның куәгері болмағанымызбен, аңыз әңгімелер, жазбалар арқылы Иран-Ғайып қиялына ерік бере отырып, туындыны өмірге әкелген. Кейіпкерлердің ұстанымдары да, өмір сүру дағдылары да, тіпті, жас айырмашылықтары да әртүрлі, бірақ атақтары тең дәрежеде мәшһүр болған. Аңыздарға сүйенсек, екеуі бір күнде дүние салған, - дейді театрдың көркемдік жетекшісі Гүлсина Мерғалиева.
Актерлар құрамына жіті мән беретін көркемдік жетекші бұл жолы тұлғалы образдарды жастарға жүктеген. Диоген рөлін ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Сахнагер-2018» сыйлығының иегері Кенжебек Башаров және Ғалия Тілеген сомдайды. Ал Ескендір образы Айбек Иманқұлов пен жас буын өкілдеріне тапсырылған.
-Театрдың көркемдік жетекшісі ретінде үнемі актерлердің өсуіне, шыңдалуына мүмкіндік бергім келеді. Мәселен, бүгінгі спектакльде Ескендір рөліне тәжірибелі актермен қатар, жас әртістерді қостық. Наурызбек Құдайбергенов және театрымызға жақында келген Ислам Ержан сомдамақ, - дейді спектакльдің қоюшы режиссері Гүлсина Бақытжанқызы.
Алғашқы премьерада Ескендір кейпіне енген Наурызбек Құдайбергенов өзі сомдайтын кейіпкері жайлы мәліметтерді ақтарып, деректі фильмерді қарап, жан-жақты тануға тырысыпты.
- Бұл, біріншіден, өзіме үлкен тәжірибе. Жарты әлемді жауласа да көңілі толмайтын, көңілі толса, көзі тоймайтын Ескендір Зұлқарнайын рөлін ойнаймын. Диоген атты философ кісі де өмірде болған, қарапайым бөшкеде өмір сүрген. Бірақ сол өміріне риза. Оның әрбір сөзі құнды, мәнді. Ескендірдің Диогенге барып, екеуінің кездесуі бойынша оқиға өрбиді. Қойылымға бір-бір жарым ай көлемінде дайындалдық, - дейді жас актер.
Ол бұған дейін А.Володиннің «Қос жебесінде» Қалқанқұлақ, «Ақбөбек» қойылымында Қайып, Т.Теменовтің «Жолайрық» мелодрамасында Нұрбақыт, А.Кристидің «Мышеловкасында» сержант Троттер, «Ана-Жер-Анада» Байсалбек кейіптеріне еніп, көрермен ықыласына бөленген.
Айта кетейік, «Диоген мен Ескендір» спектаклінің тұсаукесері 11 және 16 қараша күндері өтеді. 11 қараша күні шығарма авторы Иран Ғайып арнайы келіп тамашаламақ.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="65079,65078,65077,65075,65074"] https://www.youtube.com/watch?v=YAYeOO4IANE https://www.youtube.com/watch?v=qMvHf7zS0zE&feature=youtu.be https://www.youtube.com/watch?v=C-SLqKQC55c&feature=youtu.be