©
Қазіргі уақытта Маңғыстау облысында 1 654 көп қабатты тұрғын үй бар, олардың 981-і Ақтау қаласында болса, 262-сі Жаңаөзен қаласында орналасқан, аудандарда 411 үй бар. Бүгінде Маңғыстауда 290 үй (17,5%) күрделі жөндеу жүргізуді қажет етіп отыр, ал апатты жағдайдағы үйлер саны – 8. Оның 6-уы - Ақтауда, 2-уі - Жаңаөзен қаласында. Осы тұрғын үй қорын күтіп ұстау мәселесі Маңғыстау облысы әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен жиында талқыланды. Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласының өзекті мәселелеріне арналған басқосуға осы саладағы қызмет көрсететін мекемелердің, пәтер иелері кооперативтерінің, құқық қорғау органдары мен мүдделі мемлекеттік органдардың басшылары, мәслихат депутаттары қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Елбасы Жолдауында "коммуналдық қызмет пен табиғи монополияларды реттеу салаларында тарифтің жасалуы және тұтынушылардан жиналған қаржының жұмсалуы әлі күнге дейін ашық еместігі" туралы айтып, осы салада нақты шешімдер қабылдау туралы тапсырма берді. Биыл Маңғыстауда жеке пәтер иелері кооперативтерінің қызметіне қатысты 410 арыз-шағым келіп түсті. Тұтынушылардан жиналған қаражатты пайдалануда ашықтық жоқ. Бүгінде ПИК-те өз қызметкерлеріне жоғары жалақы белгілеу, штатты негізсіз өсіру фактілері бар. Бұл – олардың тарифтерден жиналған қаражатты пайдалануда ашық саясат жүргізбейтіндігін көрсетеді. Халықтан тарифтердің күрт өскені бойынша көптеген шағым келіп түсуде. Аталған мәселелерді шешу жолдарын қарастыру керек»,- деді Е.Тоғжанов.
Маңғыстау облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, арыз-шағымдардың кейбірі - 25-40 пәтер иесі қол қоятын ұжымдық шағымдар.
Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бойынша ҚР бірқатар заңнамалық актілеріне толықтыруылар мен өзгерістер енгізілмек. Бұл туралы Маңғыстау облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Салимов мәлімдеді.
Ол сондай-ақ 2011-2018 жылдар аралығында ТКШ жаңғырту бағдарламасы аясында жасалған жұмыстарға тоқталды. Осы жылдар ішінде Маңғыстауда 1622,0 млн.теңгеге 40 КПТҮ жөнделген.
"Облыс бойынша кондоминиум объектісін басқару органдарының жалпы саны 107 (52 ПИК, қалған ЖШС, ЖК), оның ішінде Ақтау қаласында – 70 (19 ПИК) және Жаңаөзен қаласында – 31 (27 ПИК, қалған ЖШС), аудандарда – 6 (ПИК). Ақтау қаласы бойынша кондоминиум объектілерін күтіп-ұстауға орташа тариф 40-45 теңгені (28-102 теңге) құрайды. Жаңаөзен қаласы бойынша кондоминиум объектілерін күтіп-ұстауға орташа тариф 22 теңгені (18-36 теңге) құрайды", - деп атап өтті Ж. Салимов.
Жандос Салимовтың мәлімдеуінше, Маңғыстау облысы бойынша 1654 көп қабатты тұрғын үйдің тек 529-ы немесе 32% техникалық төлқұжатын тіркеген. Оған себеп - тұрғын үйлердің техникалық төлқұжаты мен жер учаскелеріне арналған актілердің болмауы. Аталған мәселені естіген аймақ басшысы құзырлы органдарға, қала және аудан әкімдеріне бюджет қаражаты есебінен тіркелмеген көп қабатты тұрғын үйлерді мемлекеттік тіркеуді тапсырды.
Сондай-ақ Ақтау қаласы бойынша кондоминиум нысандарын басқару органдарының қызметтері туралы Ақтау қаласының әкімі Ғалымжан Ниязов баяндады.
"Ақтауда 70 кондоминиум обьектісін басқару органы бар, оның 34 ЖШС түрінде, 17 ЖК түрінде тіркелген. Қалған 19-ының 5-уі пәтер иелері кооперативі (ПИК), 8 - пәтер иелерінің тұтыну кооперативі (ПИТК) және қалған үшеуі - қоғамдық бірлестік, пәтер иелерінің қоғамдық бірлестігі (ПИҚБ), тұрғын үй құрылыс коперативі (ТҚК)", - деп атап өтті қала басшысы Ғ. Ниязов.
Жиын соңында Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжанов мемлекеттік сәулет-құрылысты қадағалау басқармасына жаңадан салынған үйлердің техникалық төлқұжаттарын құрылыс салушы есебінен жасақтау, 2018 жылдың 1 желтоқсанына дейін қала және аудан әкімдеріне тіркелмей қалған көп қабатты үйлерді бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік тіркеуден өткізуге тапсырма берді. Сондай-ақ қала және аудан әкімдеріне көпқабатты үйлердің алдын абаттандырып, қолданыстағы балаларға арналған спорттық және ойын алаңшаларын қалпына келтіруді, жаңадан салуды және оларды кондоминиум нысандарын басқару органдарына беріп, одан әрі күтіп ұстауды қамтамасыз етілуі қажет екенін ескертті.
"Маңғыстау облыстық прокуратурасынан қала және аудан әкімдерімен бірлесіп кондоминиум нысандарын басқару органдарының қызметтерінің қолданыстағы Заңға сәйкестігін тексеруді және қадағалауды сұраймын", - деді облыс әкімі.