Жасөспірімдер олимпиадасы бокс турнирінің кешкі сессиясындағы медаль үшін кездесулерде қазақстандық Айбек Оралбай чемпион атанды деп хабарлайды Olympic.kz.
91 келі салмақ дәрежесінің финалында Айбек Оралбай өнер көрсетті. Оның қарсыласы алжирлік Мохаммед Амин Хасид болды. Үш раундтың қорытындысы бойынша төрешілер бірауыздан жеңісті Айбек Оралбайға берді. Үшінші орын пуэрторикалық Элвин Каналеске бұйырды.
"Мен бұл боксшымен әлем чемпионатының жартылай финалында кездескен едім. Ол жолы да, бүгінде жеңіске жетті. Екінші раундта қарқынды күшейтіп, одан басым түстім. Бүгін қолдау білдіруге келген қазақстандық басқа спортшыларға, бапкерлерге алғысым шексіз. Олардың қолдауын сезіндім. Намысты қолдан бермей, алтынға қол жеткіздім", - деді Олимпиада чемпионы Айбек Оралбай.
Еске сала кетейік, тағы бір қазақ боксшысы Дамир Тойбай Олимпиаданың күміс жүлдегері атанды.
ФОТО: Сали Сабиров, Қазақстан ҰОК баспасөз қызметі