Маңғыстаулық джитсер Дархан Нортаев Astana Jiu-Jitsu Cuр-2018 республикалық ашық турнирінің жеңімпазы атанды. Елордамыздың 20 жылдығына орай өткен сайысқа отандық және шетелдік спортшылар қатысты.
Турнирді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен джиу-джитсу ассоциациясы ұйымдастырды. Оған 6 жастан 45 жасқа дейінгі спортшылар қатысуға мүмкіндік алды. Олар ақ, көк, күлгін, қоңыр, қара белбеулер жиынтығын сарапқа салды.
Шараның басты кездесуі қазақстандық Дархан Нортаев пен бразилиялық Артур Ланес тің және Нұржан Сейдуәлі мен Лукас Пинхейро арасында өтті. Қара белбеу үшін күресте отандастарымыз басым түсті.
Айта кетейік, Дархан Нортаев джиу-джитсудан 2016 жылғы Әлем чемпионы (Польша), 2018 жылғы Азия чемпионы (Ақтау), XVIIІ Азия ойындарының чемпионы (Индонезия), халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
Нұржан Сейдуәлі джиу-джитсудан 2017 жылғы Әлем чемпионы (Колумбия), 2018 жылғы Азия чемпионы (Ақтау), XVIIІ Азия ойындарының қол жүлдегері (Индонезия), халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
Еске салайық, тамыз айында Индонезиядан олжалы қайтқан Дарханды Маңғыстау жұрты мол қошеметпен қарсы алған болатын. Чемпионның біздің сайтымызға берген арнайы сұқбатын мына сілтемеден оқи аласыз.
Суреттер Дархан Нортаевтың facebook парақшасынан алынды