Маңғыстау бокс мектебінің шәкірттері Ялтада өткен халықаралық турнирден 1 алтын және 3 қола медаль иеленді. Бұл туралы Маңғыстау облыстық бокс федерациясы хабарлады.
Кеңес Одағының екі мәрте батыры Амет-Хан Султанға арналған сегізінші халықаралық бокс турнирі қыркүйектің 26-29 аралығында Ялта жағалауында өтті. Турнирде 2000-2001 жылғы жасөспірімдер бағын сынады. Халықаралық жарысқа Украина, Дагестан, Қазақстан, Өзбекстан, Молдова мемлекеттері 140 спортшы қатысты. Ал Маңғыстаудың намысын қорғауға төрт жасөспірім барды.
Маңғыстау облысынан 75 келі салмақта Ақжол Әбдіхан I орын алып, турнирдің чемпионы атанды. 52 келі салмақта Дінмұхамед Ибрагимов III орын алды. Сондай-ақ 64 келі салмақта Диас Қанағатов III орын алса және 69 салмақ дәрежесінде Орынбек Мананов III орынды қанжығасына байлап, қола медальға ие болды.
«Қатысушы балалар жақсы дайындықтарын көрсете білді. Бокстағы техниканы дұрыс қолдана білді. Төрешілер әділ шешім шығарды деп ойлаймын. Алтын медаль алған бала финалда қарсыласымен өте жақсы бокстасып, чемпион болды», - деді Маңғыстау облыстық бокс клубының жаттықтырушысы Дмитрий Середов.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ