©
Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Заң басқармасының жетекші маманы П.Қ. Қылышбай 40 АЕК мөлшерінде, яғни, 96 200 теңге ақшалай сыйақымен марапатталды. ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл оған 5000 теңге көлеміндегі параны алудан бас тартқаны үшін табысталған.
"Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Заң басқармасының жетекші маманы П.Қ. Қылышбай бір жолғы ақшалай сыйақы түрінде 40 АЕК мөлшерінде марапатталды. Ол сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілік танытқаны үшін, атап айтқанда, өз құзыретіне кіретін мәселелерді жедел қарау және Маңғыстау облысы бойынша МКД ішкі қауіпсіздік басқармасына уақытында жүгінгені үшін 5000 теңге сомасында пара алудан бас тартқаны үшін ақшалай көтермелеу алды», - делінген хабарламада.
Ал пара беруші «Қылмыстық құқық бұзушылық туралы» ҚР кодексінің 367-бабы 1-бөлігімен (пара беру) кінәлі деп танылып, оған жаза түрінде 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.