©
2018 жылғы бокстан Қазақстан чемпионаты Ақтау қаласында өтеді. Өңірлерден келген өтінімдермен танысқан бокс федерациясының таңдауы Каспий бойындағы қалаға түсті. Бұл жөнінде olympic.kz сайты хабарлады.
Ел біріншілігі 11-18 қараша аралығында «Маңғыстау Аренада» өтеді.
Чемпионатқа еліміздің бар аймағынан 160 қатысушы мен бапкерлер қауымы жиналмақ.
«Бокстан ел біріншілігі Маңғыстауда алғаш рет өткелі тұр. Бұл ірі спорттық оқиға Ақтау қаласының 55 жылдығымен де сәйкес келді. Біздің аймақта бокстың өте танымал спорт түрі екенін ескерсек, жанкүйерлерді керемет мереке күтіп тұрғанына күмәнім жоқ», - дейді облыстық бокс федерациясының басшысы.
Біріншілік қорытындысы бойынша ұлттық құрама жаңарып, 2020 жылғы Токио Олимпиадасына дайындық кезеңі жалғасады.