©
2017 жылдан бері Маңғыстаудағы білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлыққа жол берген үш тұлға сотталған. Бұл туралы Ақтауда «Білім саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы құралдар: ұлттық заңның имплементациясы мен ерекшелігі» тақырыбында өткен конференцияда айтылды.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталмыш тұлғалар сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу, лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану, билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану бойынша жауапқа тартылған.
Маңғыстау ауданы Шетпе селосындағы «Айналайын» балабақшасының меңгерушісі 2016-2017 жылдары аралығында балабақшада жұмыс істемейтін екі азаматқа заңсыз жалақы аударып отырған. Аталмыш дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 189 бабымен кінәлі тұлғаның үстінен іс қозғалып, сотта қаралды. 2017 жылы қазан айында сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу дерегі бойынша 5 жылға бас бостандығын шектеу және мүлкін тәркілеу арқылы, өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айыруға сотталған.
Тағы бір дерек – Ақтау қалалық №24 орта мектеп директорына қатысты қозғалған. Жеке кәсіпкерден мектепке азық-түлік жеткізу бойынша мемлекеттік сатып алу келісім-шартына кедергісіз қол қою үшін 100 000 теңге пара алған. Ол бойынша 2017 жылдың желтоқсан айында Ақтау қалалық сотымен ҚР ҚК 366 бабының пара алу дерегімен 5 млн. теңге айыппұл төлеуге және мүлкін тәркілей отырып, өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айыруға сотталды.
Бейнеу ауданы «Үстірт» орта мектебінің директоры 2015-2017 жылдары аралығында үш азаматқа атқарылмаған жұмыстар үшін мемлекет бюджеті есебінен заңсыз жалақы аударып отырған. Нәтижесінде қылмыстық іс-әрекетімен мемлекетке 676 000 теңге шығын келтірген. Кінәлі тұлға 2018 жылдың сәуір айында ҚР ҚК-нің 189 бабымен, яғни сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу және қызметтік жалғандық жасау баптарымен кінәлі деп танылып, 5 жылға шартты түрде сотталған.
Сонымен қатар, білім беру саласындағы грант бөлу мәселесінде кемшіліктер бар. Бұған дейін техникалық және кәсіптік орта білім беру орындарында мемлекет тарапынан бөлінетін оқу гранттары мен мемлекеттік тапсырыстар бойынша комиссиясының құрамына Арнайы мониторингтік топ мүшелері еніп, біртақар кемшіліктерді анықтаған. Бұл туралы облыстық арнайы мониторингтік топ төрайымының орынбасары Әсет Манов былай деді:
«Түлектер үшін тест сұрақтарын құрастыруда бақылау жоқ және грантқа үміткер жастар үшін жасақталған тест сұрақтарының деңгейі жауапты мемлекеттік орган тарапынан бақыланбаған. Емтихан өткізілетін аудитория жеткілікті деңгейде жасақталмаған, кей жағдайда үміткерлер тест тапсыру кезінде ұялы телефонның көмегіне сүйенген деректер орын алған. Бұл ретте білім басқармасының өкілдеріне бірқатар ұсыныстарымызды жеткіздік. Әсіресе, аудиторияда емтихан тапсырушыларға шпаргалка пайдалануға мүмкіндік бермес үшін жекеленген партамен және орындықпен жасақталуы тиіс. Сонымен бірге гранттарды бөлу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеу үшін қабылдау комиссиясының құрамында білім саласына жауапты мемлекеттік органнан тұлғалардың болуы және емтихан тапсыратын аудиторияларға бақылау камераларын орнату қажет», - деді Әсет Манов.