Бүгін Ақтау қалалық сотында судья көмекшілерінің пилоттық жобасы іске қосылды. Іс-шараға Маңғыстау облыстық сотының төраға м.а Нұрсапа Примашев, Ақтау қалалық сотының төрағасы Сәбит Кенжалиев, МО сотының қылмыстық істер жөніндегі аппеляциялық сот алқасының төрағасы Ержан Қарабаев қатысты.
Пилоттық жобаның мақсаты - сот төрелігін іске асыру сапасын жақсарту, судьялар мен сот қызметкерлерінің жұмысын оңтайландыру, сот жұмысының тиімділігін арттыру, судьяларды техникалық және әкімшілік жұмыстан босату.
«ҚР жоғарғы сотының төрағасы Жақып Қажыманұлының бастамасымен республиканың соттарында бірнеше пилоттық жоба іске асырылып жатыр. Сондай пилоттық жобаның бірі - "Судья көмекшілері". Қазір біз Ақтау қалалық сотында осы пилоттық жобаны іске қосып отырмыз. Бұл қылмыстық істер қарайтын сот. Сондықтан енді бұрынғы қызмет жасап жүрген сот мәжілісі хатшыларының жартысы сот мәжілісінің хатшылары болады, ал жартысы хатшы судьялардың көмекшісі болады. Бұл судья мен сот мәжілісі хатшысының арасындағы байланыстырушы тұлғалар деп айтуға болады. Өйткені қазір артылатын ауқымды жұмыстар бар. Олар судьяның жүктемесін азайтуға барлық жұмыстарын арнау керек. Ал қалған сот мәжілісінің 4 хатшысы қалған судьялардың әр 2 судьяға 1 сот мәжілісінің хатшысы болып істерді қарауды ұйымдастырады. Олар тұлғаларды сот мәжілісіне шақырады. Ал сот судьяларының көмекшілері сот қаулыларын, үкімдердің жобаларын жазуға, судьяға жұмыс жүктемесін азайтуға барлық жұмыстарын арнайды», - деді Маңғыстау облыстық сотының төраға м.а. Нұрсапа Примашев.
Сот төрағасының өкімімен 8 судьяға қызмет етіп жүрген мамандардың қатарынан 4 көмекші бекітілді, олардың қызметтік міндеттеріне ұйымдастыру-құқықтық қамтамасыз ету, судьяға ақпараттық, құжаттық, процестік көмек көрсету кіреді. Олардың барлығы алдын-ала іріктеуден өткен.
"ҚР "Сот төрелігінің 7 түйіні» бағдарламасы аясында ашылған бұл пилоттық жобаның басты мақсаты – судьялардың жүктемесін азайту. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, республика соттарында қаралып жатқан істердің саны 2,5-3 есеге дейін көбейіп отыр. Ал судьялардың штаттық саны сол деңгейде қалып қойған. Сондықтан судьялардың жүктемесі ай сайын 40-50 іске дейін қаралады. Жүктемені азайту мақсатында судьялардың көмекшілерінің басты міндеті – судьяларды сот төрелігіне атқару барысында келіп жатқан істермен танысу, өздерінің пікірін айту, қандай заңдарды қолдану керектігін алдын-ала судьяға ұсыну. Сонымен қатар қаралып отырған іс бойынша қабылданатын шешімдердің жобаларын жасау. Бұл пилоттық жоба өз нәтижесін береді деген сенімдемін. Себебі судья деген күнделікті іс қарауда бір істен екінші іске көшіп, кейде іспен танысып та үлгермейді. Сондықтан көмекшілер алдын-ала танысып, өздерінің пікірлерін айтып, сот актілерін ұсынады», - деді МО сотының қылмыстық істер жөніндегі аппеляциялық сот алқасының төрағасы Ержан Қарабаев.
Жиында 4 судья көмекшілері өздерінің міндеттерімен танысып, алдағы уақытта судьяның барлық жұмыстарына көмектесетіндерін жеткізді.
Айта кетейік, судьялардың көмекшілеріне тиісті жағдайлар жасалып, кеңсе жиһаздарымен және техникамен қамтамасыз етілген. Ал пилоттық жоба жылдың соңына дейін жүзеге асырылады.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="62245,62246,62247"]