Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры бұл маусымын «Ант» қойылымымен бастады. Биыл 15 жылдық мерейтойын атап өтіп, Каспий маңы елдерінің ІІ халықаралық театр фестивалін сәтті атқарған ұжымның көпке ұсынары толастамақ емес. Жаңа маусымда да театр көрермендері бірнеше премьераға куә болмақ.
-Бүгін кезекті маусымды ашып жатырмыз. Біздің театр 15 жыл классикалық қойылымдарды қойып, жергілікті авторларды, қазақ классиктерін насихаттап келеді. Бірнеше фестивальге қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Алғашында жаңа маусымды Сайын Назарбековтің «Ақбөбек» қойылымымен ашып жүрдік. Соңғы жылдары Сайын ағамыз бен Нұрнияз Мұқановтың «Ант» спектаклімен бастап келеміз. Мұнда Қараман ата мешітінде болған тарихи оқиға суреттеледі, - дейді театрдың бас режиссері әрі көркемдік жетекшісі Гүлсина Мерғалиева.
Қойылым Маңғыстау жеріне қазақ халқының қоныстанып келуі, XVIII ғасырда қазақ халқы мен түркмендер арасында туындаған кикілжіңді баян етеді. Қожаназар байдың кенже ұлы Қошанды ел үшін 360 әулиенің киелісі Қараман ата мешітінде антқа тігуі суреттеледі.
-Болашақта да кең көлемді қойылымдар көрерменге ұсынбақпыз. Мысалы, Авксентия Цагарелидің «Ханума» шығармасын мюзикл ретінде ұсынбақпыз. Алдағы жылы антикалық туындылар қоймақ жоспарымыз бар. Бұрын мұндай жанрдағы спектакльдер болмаған. Сондай-ақ қазақ авторларын да ұмытпаймыз. Иран Ғайыптың «Диоген» атты шығармасын халық қазан айында тамашалайды деп үміттенеміз, - дейді театрдың бас режиссері.
Бүгін көрерменге «Мышеловка» детективі;
28 қыркүйек «Фариза мен Мұқағали»,
29 қыркүйек «Қожа мен спорт»;
30 қыркүйек «Перзентхана» спектакльдері ұсынылмақ.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="62053,62054,62055,62056,62057,62058,62059"]