Ақтауда 8 шағынаудан 20 үйдің жанында орналасқан дүңгіршек орнынан алынып тасталды. Бұл туралы mangystaumedia.kz сайтына Ақтау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жер телімінің иесі 2009 жылғы 29 желтоқсанда автобус аялдамасының жанында мобильді дүңгіршек салу үшін осы аумақты қысқа мерзімге (3 жыл) пайдалану құқығын алған. Осылайша, «Ақтау қалалық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесі мен дүңгіршек иесі арасында жер телімін жалға беру туралы келісімге 2012 жылдың 29 желтоқсанына дейін пайдалануға қол қойылған. Келісімшарт мерзімі аяқталғаннан соң азамат жерді жалға алу мерзімін ұзартуы тиіс болған. Алайда жеке тұлға мемлекетке тиесілі жер телімін 2012 жылдан бері заңсыз пайдаланып келген. Ақтау қалалық әкімдігі азаматқа бұл заңсыз әрекеті үшін бірнеше мәрте ескерту жариялаған.
Ақтау қаласының әкімдігі жер иесіне жер телімін талап ету және рұқсатсыз құрылыс салу туралы талап арыз берді. Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2016 жылғы 27 қазандағы шешімі әкімдіктің пайдасына шешілді.
Ақтау қалалық экономикалық сотының шешімімен соттың ескертуін қабылдамаған бұл азаматтың сауда дүңгіршегі мәжбүрлі түрде алынып тасталды.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ
Суреттерді Ақтау қаласының әкімдігі ұсынды