ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылғы 15 қаңтардағы Жарлығымен «Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы» бекітілді. Тұрғындардың денсаулығын одан әрі нығайту – еліміздің әлеуметтік, экономикалық тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында «Денсаулық» пойызы шалғайдағы елдімекендердің тұрғындарына дәрігерлік сапалы қызмет көрсетуде.
Осыған орай ҚР ІІМ-нің Төтенше жағдайлар комитеті ұйымдастырған «Денсаулық» пойызы өлкеміз тұрғындарының денсаулығын нығайту мақсатындағы өздерінің он төртінші күнгі, тоғызыншы темір жол стансасы – Жаңаөзен қаласына келіп кідірді. Оларды қарсы алу салтанатына қала белсенділері мен ауыл тұрғындары жиналды. Келген дәрігер қонақтарға Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Исахан Сағынбаев пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуандық Бекмағанбетов қош келдіңіздер айтып, игілікті істеріне сәттілік тіледі. Сондай-ақ ауыл, қала тұрғындарын мүмкіндіктен пайдаланып, дәрігерлердің көмегіне жүгініп, емделуге шақырды. Мұнан кейін сөз алған «Денсаулық» пойызының жетекшісі, бас дәрігер Ә.Абдышова өз сапарларының маңызы туралы айтып берді.
- Біздің «Денсаулық медициналық» пойызымызда сіздер үшін 12 дәрігер қызмет ететін болады, - дейді Әлия Анатолиқызы. – Олардың ішінде кардиолог, невропотолог, гинеколог, лор, педиатр, стамотолог, рентген сияқты салаларының дәрігерлері жұмыс жасайды. Хирург, уролог, сосын диогностикалық жұмыстар автоматтандырылған лабораторияларда өткізіледі. Осы іссапарды ҚР Төтенше жағдайлар комитеті темір жол ауруханасының басшылығымен ұйымдастырған. Жалпы біз Атыраудағы темір жол ауруханасының мамандарымыз. Әйтсе де, негізгі құрамда қосымша Ақтаудан, Ақтөбеден, Семейден, Алматыдан және Атыраудың басқа клиникаларының мамандарын алдырып жұмыс жүргізудеміз. Мақсатымыз – шалғай аудандар мен ауылдардың тұрғындарына медициналық көмек көрсету. Осы күнге дейін 3500-дей азамат-азаматшалардың денсаулықтарының нығаюына септігімізді тигіздік. Енді міне, сіздерге келіп тұрмыз. Қошаметтеп қарсы алғандарыңызға үлкен рахмет.
«Денсаулық» медициналық пойызымен келген дәрігер қонақтарды жаңаөзендіктер шағын ақ дастархан жайып қарсы алды. Ақтан ауыз тиіп, қазақы дәстүрге сай шашылған шашуларға қонақтар өз ризашылықтарын білдіріп жатты. Сондай-ақ Жаңаөзеннің белгілі әнші жігіттері – Бақыт Қуатов «Ұлы дала», Нұрлан Мұрынов «Жаңаөзен» сияқты патриоттық әндерді шырқап, жырдан шашу шашып, қош келдіңіздер айтып, әнімен-сәнімен қарсы алды. «Денсаулық» пойызы Жаңаөзенде екі күн болады.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН