Нұрсұлтан Назарбаев Анкарада Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен кездесті деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Салтанатты қарсы алу рәсімінен кейін Қазақстан мен Түркия президенттері арасында келіссөз өтті. Кездесуде мемлекеттер басшылары екі жақты ынтымақтастықтың және сауда-экономикалық қатынастарды нығайтудың өзекті мәселелерін талқылады.
«Түркия-Қазақстан Жоғары деңгейлі ынтымақтастық кеңесінің үшінші жиналысы аясында бас қосып отырмыз. Қазақстан Президенті құрметті Нұрсұлтан Назарбаев бастаған делегацияны қонақ қылғаныма ризамын. Түркі әлемінің ақсақалына тағы бір мәрте қош келдіңіз деймін. 2015 жылы Қазақстанда басталған Жоғары деңгейлі ынтымақтастық кеңесінің үшінші жиынын Анкарада өткіздік. Соңғы рет 3 қыркүйекте Қырғызстанда өткен Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің VI саммиті барысында бас қосқан едік», деп еске алды Түркия Президенті.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев пен Режеп Тайип Ердоған халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі маңызды мәселелер жөнінде пікір алмасты.