Биыл Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Əскери-теңіз күшінің құрылғанына 25 жыл толды. Осыған орай қарт Каспийдің жағасында мерейтойға арналған салтанатты шара мен кемелер шеруі өтті.
Қазақстан әскери-теңіз күштері 1993 жылдың 2 сәуірінде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен құрылды. Бастапқыда Ақтау қаласында әскери-теңіз базасы ашылды. 1999 жылдың шілде айында әскери-теңіз базасы Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметі Теңіз бөлімдерінің құрамына кірді.
- Құрметті əскери қызметшілер, жиынға қатысушылар, қала қонақтары. 25 жыл бұрын Елбасымыз мемлекетіміздің шекарасын белгілеп, əскери теңіз күштерін құрып берді. Біздің тыныштығымызды, бейбітшілігімізді сақтап отырған осы əскери қызметшілерімізге, ардгерлерімізге алғысымызды білдіреміз. Болашақ ұрпақ, жастарымыз сіздерге қарап бой түзейді. Біздің өңірімізде əскери күштің барлық түрі бар. Халқымыз, сіздердің отбасыларыңыз сіздерге сенім артып, қауіпсіздікті табыстап отыр. Бұл - көзге көрінбейтін, қолға ұсталмайтын үлкен бір күш, үлкен бір міндет. Оны адал атқарып, халыққа қызмет жасап, тұрақтылық пен бірлікті сақтап отырғандарыңыз үшін мың алғыс, - деді облыс əкімінің міндетін атқарушы Руслан Сакеев.
Салтанатты шараға əскери-теңіз күштері, теңіз жаяу əскерлері, ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің теңіз бөлімдері жəне еліміздегі əскери-теңіз күшінің алғашқы қолбасшысы, контр-адмирал Ратмир Комратов арнайы келді.
Әскери-теңіз күштері Каспий теңізінің қазақстандық секторында мемлекеттік шекараны, порттық аймақты, сулы аудандарды күзетеді.
- Құрметті Қазақстан Қарулы күштері Əскери-теңіз күшінің айбынды офицерлері, мотростары мен старшиналары, теңіз тарландарына айналған ардагерлері. Сіздердің алдарыңызда сөз сөйлеу мен үшін үлкен мəртебе. Бұл менің де кəсіби мерекем. Отанымыздың теңіздегі тірегі, тыныштығымыздың кепілі, қарт Каспийдің сенімді қалқаны болу - əрбір теңізшінің міндеті. Əскери-теңіз күштерінің бүгінгі таңда Каспий маңы мемлекеттері мақтан тұтар беделі мен лайықты орны бар. Тарихы 1993 жылы 2 сəуірдегі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығынан бастау алатын Əскери-теңіз күшінің 25 жылдық мерейтойымен құттықтаймын, - контр-адмирал Есенеев Қайыргелді Қайратұлы өз лебізінде.
Салтанатты жиынға келгендер жаяу əскерлер мен кемелер шеруін тамашалады. Шара соңы мерекелік концертке ұласты.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="59803,59805,59807,59806,59802,59801,59800,59796,59799"]