Бүгін Ақтауда «Мектепке жол» акциясы аясында 200 балаға әлеуметтік көмек көрсетілді. Акция аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балаларын, жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қамтиды.
«Біз адамбыз – біз біргеміз» қоғамдық қорының бастамасымен, "Форте банк", "Қазтеңізфлот", "Good group" ЖК, "Престиж" сән салоны сияқты компаниялардың демеушілік етуімен өткен акцияда бүлдіршіндерге сөмке мен мектеп құралдары сыйға берілді.
"Форте банк" Маңғыстау облыстық филиалының директоры Аббат Өрісбаев жыл сайын дәстүрлi түрде ұйымдастырылатын шара осымен 5-шi рет қолға алынғанын атап өтті.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Мектепке дайындық сөмке таңдаудан басталады"Алты балам - мектеп жасында. Осы акция аясында олар оқу құралдарымен қамтамасыз етілді. Бұл - ана үшін де, бала үшін де қуаныш әрі зор көмек", - дейді 7 баланың анасы Рая есімді келіншек.
Бұл қайырымдылық акция республикалық деңгейде 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында осымен 11 рет өткізіліп отыр. БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Нұрбек Оршубеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте акция аясында 10 жыл ішінде 2 млн 600 мыңнан астам балаға 17 млрд теңгеден аса материалдық көмек көрсетілгенін айтқан болатын. Биыл елімізде "Мектепке жол" арқылы 323 мыңнан аса балаға әлеуметтік көмек көрсетілмек.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ