«Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» байқауының облыстық кезеңі өз мәресіне жетті. Ақтауда қатысушылар арасынан суырылып алға шыққан үш жеңімпаз марапатталып, республикалық кезеңге жолдама алды. Байқау «Нұр Отан» партиясы, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» және бизнес қауымдастығы бірігуімен өткізіліп жатыр.
Қатысушылардың өтінімдерін «Нұр Отан» партиясы қалалық, аудандық филиалдары мен халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері 20 сәуір мен 30 маусым аралығында қабылдаған болатын.
Іріктелген жобалар арасында азаматтардың жұмыспен қамтылуына ықпал ететін, әлеуметтік мәселелерді шешуге, еріктілер қозғалысын дамытуға бағытталған жобалар бар. Атап айтсақ, тележурналист Маржан Медиеваның қиын жағдайға душар болған жандарға қолдау көрсететін «Үміт сәулесі» қайырымдылық жобасы, Жаңаөзен қаласы «Ана мен бала-2011» қоғамдық бірлестігінің «Қолдау», «Луара» қоғамдық қорының «Мүмкіндігі шектеулі балалар мен жастарға бейімделген жағажай», «Алтын жүрек – Маңғыстау» қоғамдық қорының «Кедергісіз бизнес» жобалары.
Облыстық Комиссия мүшелерінің шешімімен төмендегі тұлғалар облыстық кезеңнің жеңімпазы деп танылды:
1 орын — «Үміт сәулесі» жеке авторлық телебағдарламасы — «Үміт сәулесі». Қайырымдылық жоба авторы – Медиева Маржан Төкенқызы. Маңғыстау арнасынан көрсетілетін бұл жоба 10 жыл ішінде көптеген үмітін үзген отбасыларға үміт сәулесін шашып, әлеуметтік мәселелерін шешуге үлес қосып келеді.
2 орын — Досмұхамбетов Иманғазы Ибатұлының «Біз адамбыз – Біз біргеміз» қоғамдық қоры ұсынған «Мейірім» әлеуметтік дүкендер жобасы. Халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған, осал топтағы отбасыларына азық-түлік, киім-кешек, ыдыс-аяқ пен басқа да қажеттіліктерін тарату мақсатында тегін дүкен ашып, мұқтаж жандарға көмек қолын созып келеді.
3 орын — «Жарқын болашақ»-«Жайдарлы» үкіметтік емес ұйымы. Ұйым басшысы, мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын жақсарту бағытында жұмыс істеп келе жатқан — Айлашова Набия Жасангалиқызы.
Сондай-ақ «Ерекше жоба» аталымы бойынша Асырова Лаура Аралбайқызының «Луара» қоғамдық қоры ұсынған «Мүмкіндігі шектеулі балаларға және жастарға бейімделген жағажай» жобасы марапатталды.
-Бүгін қатты толғаныста тұрмын. Өзімнің «Үміт сəулесі» авторлық жобамды 11 жыл бұрын бастаған кезде қандай сенімде болсам, əлі де сол сенімді жоғалтқан емеспін. Осы уақыт ішінде қаншама адам төсектен тұрып, қаншасы баспаналы болды, — дейді толқыныспен байқау жеңімпазы, «Үміт сəулесі» жобасының авторы Маржан Медиева.
Байқау 6 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқанымен «Үміт сəулесі» телебағдарламасы бірінші рет қатысқан.
-Бұл байқауға қатысу — «Маңғыстау» арнасының бас редакторы Гүлнұр Ғазизқызының ұсынысы болды. Биыл қос қолынан айырылған бейнеулік Балғынбекті Мəскеу қаласына апарып, 30 млн теңгеге оң жақ қолын протездеп келдік. Екінші қолының да қаржысы, тапсырысы дайын тұр. Оны да жақын арада салдырамыз. Жақында үш баламен жалғыз қалған əке туралы да көрсеткенбіз. Ол кісіге жердің қазығын қағып қойдық, бұйырса жеке кəсіпкер үй тұрғызып беретін болды. Одан болек 6 жыл бойы пəтер жалдап жүрген ардагеріміздің баспаналы болған жағдайы бар. Қолымнан келгенше бар есікті ашамын, бар хатымды жолдаймын, аяғым жеткен жерге барамын. Қалай болғанда да əр кейіпкерімнің сенімін ақтауға тырысамын, — дейді Маржан Төкенқызы.
Республикалық кезеңде жобалар ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сайтына жарияланып, жеңімпаздар онлайн дауыс беру арқылы анықталады. Оларға қомақты ақшалай сыйлықтар табысталмақ.
Еске сала кетейік, Байқауға үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер, мүмкіндігі шектеулі жандар ұйымдары қатысты. Маңғыстау облысы бойынша 19 өтініш түсіп, оның ішінде 10-ы облыстық деңгейге өткен болатын.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="58605,58609,58606,58608,58607"]