Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында Бейнеу ауданы әкімі аппаратының басшысы Г.Бакытоваға қатысты іс қаралып, оған «қатаң сөгіс» беру жөнінде және Бейнеу ауданы бойынша «Әдеп жөніндегі уәкіл» лауазымынан босату туралы шешім шығарылды.
Ағымдағы жылғы маусым айының 27 мен шілденің 2 күндері аралығында Бейнеу ауданы әкімінің аппаратында Э.Джумагулованың арызына сәйкес, жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Шағымданушы "Қ.Бақтыбайұлы атындағы Бейнеу өнер мектебінде еңбек қатынастарының бұзылғанын, аппарат басшысы Г.Бакытованың тарапынан ҚР Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің талаптары сақталмайтынын" айтқан.
Ол арызбен бірге дәлел ретінде аудиодискі ұсыныпты Дыбыстық жазбаны тыңдаған Әдеп кеңесінің мүшелері аппарат басшысы Г.Бакытованың WhatsApp желісі арқылы әлдебір азаматшаға әдепке жат сөздер айтқанын анықтады.
Әдеп кодексінің 3 тарауы 7 тармағы 1-тармақшасында «мемлекеттік қызметші қызметтен тыс уақытта жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстануға, қоғамға жат мінез-құлыққа жол бермеуге тиіс...» деп көрсетілген.
Ал Г.Бақытова бұл оқиғаның (әңгіменің) мамыр айының соңында қызмет барысында емес, жұмыстан тыс кезде туыстық қарым-қатынас жағдайында болғанын айтқан.
Дегенмен ҚР МҚІСЖҚ іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау департаменті "жұмыстан тыс уақытта болса да мемлекеттік қызметші Әдеп кодексінің талабын бұзып отыр", - деп хабарлады. Осылайша, әлеуметтік желідегі әдепсіз сөздері үшін ол "әдеп жөніндегі уәкіл" қызметінен шеттетілді.