Маңғыстау облыстық Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Кеңес мүшелері Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары К.Оралбаеваға қатысты «қызметіне толық сәйкес еместігі жөнінде» тәртіптік жаза қолдану туралы ұсыным енгізді.
Осы жылдың 1 маусымында ҚР МҚІСЖҚ іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау департаментіне К.Оралбаеваға қатысты тексеру қорытындысы келіп түскен. Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы жүргізген қызметтік тергеп-тексеру К.Оралбаеваның Басқарма басшысының рұқсатынсыз, тиісті құжаттарды рәсімдеместен 2 күн жұмыста болмағанын анықтаған. Бірақ К.Оралбаева басқарма басшысы Т.Бапиевтың ауызша рұқсаты бар екендігін алға тартып отыр. Алайда басқарма басшысы өз кезегінде мұны жоққа шығарды.
Әдеп кодексінің 5 тармағы 11-тармақшасында қызметшінің қызметтік тәртіпті бұлжытпай сақтауы, жұмыс уақытын ұтымды және тиімді пайдалануы тиістігі айтылған. К.Оралбаева өтінішінің құжат жүзінде рәсімделгеніне көз жеткізбестен жұмыста болмауы арқылы осы талаптарды бұзған. Әдеп кеңесі осыларды ескере отырып, К.Оралбаеваға қатысты «қызметіне толық сәйкес еместігі жөнінде» тәртіптік жаза қолдану туралы ұсыным берді. Егер бұл әрекет 6 ай ішінде қайталанса, қызметінен босатылады, ал қайталанбаса - жазаның күші жойылады.
Сондай-ақ Әдеп кеңесінің отырысында мемлекеттік қызметке талаптарға сай емес қызметкердің таңдалуына қатысты мәселе қаралды.
Осы жылдың 16 наурызында Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы Түпқараған аудандық инспекциясының жетекші маманына (С-О-6 санаты) конкурс жариялап, оған 3 үміткер құжат тапсырған. Конкурстық комиссия үміткерлердің құжаттары мен біліктілік талаптарының сәйкестігін қарап, үміткер Н.Иргизбаевты бірауыздан әңгімелесуге жіберуге шешім қабылданған. Ал әңгімелесуден кейін ол орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аудандық инспекциясының жетекші маманының міндеттерін уақытша атқарушы болып тағайындалған. Шын мәнінде, Иргизбаевтың сертификаты тек құқық қорғау органдарында жұмыс істеуге мүмкіндік береді екен.
Кейін конкурс нәтижесін тексеру барысында комиссия мүшелерінің Конкурсты өткiзу қағидасының 79-тармағының талабын сақтамағаны анықталды. Яғни олар құжаттар толық болмағанына қарамастан оң шешім қабылдаған.
Сөйтіп, комиссия конкурстың іріктеу кезеңінде Қағида талаптарын өрескел бұзғандықтан, оның қабылдаған шешімдері заңсыз болып шықты. Енді Н.Иргизбаев өзі жұмыс істеген 3 ай мерзімдегі жалақысын мемлекетке қайтаруға тиіс.
Ал, Әдеп кеңесі конкурс талаптарын бұзған Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекция басшысының орынбасары Г.Досатовқа, бөлім басшылары А.Жумашевке, А.Сейджановаға «қатаң сөгіс» жариялау жөнінде бірауыздан дауыс берді.