Әне бір жылдары жер тақырланып, қылтиған азғана шөптің өзі тұяқкесті болып, жайылымнан шаң борап, мал азып, қиналып едік. Маңғыстау облысы әкімдігі қолдау жасап, 100 миллион теңгедей қаражат бөлініп, жем-шөпті әр аймақтан алдырып, амалдап көргенбіз. Былтыр кішкене ес жидық. Облыс бойынша мал азығын дайындау, соның ішінде шөп шабу межесінен көріндік: 45 мың тонна орнына 49 мың тонна шөп шабылып, жоспар 108 пайызға артығымен орындалды. Биылғы көрсеткіш өткен жылғыдан да жоғары, 50 мың тонна шөп дайындалуы керек.
Кеше ғана Маңғыстау ауданы әкімдігінде шөп шабушылардың басын қосқан жиын өтіп, маңызды науқанды ұйымшылдықпен өткізу, мүмкіндікті пайдаланып, елді жеткілікті мал азығымен қамтамасыз ету жайы сөз болды. Қойылып отырған міндет- ойдағы жайылысты қысқа қалдырып, жазғы жайлауды пайдаланып, шөпті Үстірттен дайындау. Жуырда Қосүйік, Қостам, Шыңқала, Шырақбай, Бисекөз, Сейсем ата маңайларындағы шабындыққа шалғы түспек.
- Жылдағыдай биыл да Маңғыстау, Бейнеу, Қарақия, Түпқараған аудандарын қосқанда барлығы 38 бригада шөп шабуға шығады. Өткен демалыста облыстың біраз жерлерін аралап қайттым, шөп шығымы жақсы. Еркек, боз шөп, жусан, мортық бітік шыққан қырдың келбеті ерекше. 2016 жылдың межесі- 50 мың тонна шөп дайындау онша қиын бола қоймас. Жиі жауған жауыннан кейін жасыл кілемдей құлпырған Үстірт- шөпшілер үшін ғана емес, малбегілер үшін де зор мүмкіндік. Малшыларымыз Үстіртке көшіп, жазғы жайлауды пайдаланса деймін. Қиындықтан қашпай, оңайға ұмтылмай, жазда малды семіртіп алуымыз керектігін айтып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз,- дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Болат Ерсайынұлы.
Тағы бір жақсы жаңалық, мал азығы бағасы жылдағыдан төмен болғалы тұр. Малшылар шөп бригадалары базасынан барып алса әр түк шөптің бағасы өте арзан, 200 теңге шамасында. Жеткізіп берсе 450-500 теңге болады. Әрине, тасымалға субсидия бөлініп жатса шөп бағасы әлі де түсер еді. Бұл мәселе де ойластырылып жатыр.
Болат ҮМБЕТОВ