©
Кеше ауданымызда қос мереке – мемлекеттік қызметшілер мен полиция қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті. Жиын әр түрлі сала басшылары, мамандары мен ұзақ жылдар мемлекеттік қызмет саласында қалтқысыз қызмет атқарған мемлекеттік қызметшілердің, заң мен құқық тәртібін қорғауға күш салушы полицейлердің басын қосты.
Аудандағы №5 мектепте өткен шарада аудан әкімі Нұрлан Тәжібаев мереке иелерін құттықтап, барлық мемлекеттік басқаруды ұйымдастырудағы жетекші рөлді атқаратын, мемлекеттік жүйенің ең маңызды тетіктерінің бірі – мемлекеттік қызмет турасында айта келіп, кез келген қоғам мемлекеттік басқарусыз, яғни, мемлекеттік қызметкерсіз әрекет етуі мүмкін еместігін назарға салды. Сондай-ақ ол, полиция қызметінің басты қағидаттарына тоқталып, олардың алдына қойылатын міндеттің зор, жауапкершіліктің жоғары екендігін атады.
Салтанатты шарада мемлекеттік қызмет саласында атқарған адал еңбегі үшін Маңғыстау ауылының әкімі Қалқатай Өтемұратов, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Әлібек Өтегенов, Басқұдық ауылдық округі әкімінің орынбасары Мұрат Жұмабаев облыс әкімі Алик Айдарбаевтың, Алғыс хатына, 20 шақты мемлекеттік және полиция қызметкерлері аудан әкімі Нұрлан Тәжібаевтың Алғыс хатына ие болды. Ал, құттықтау сөз сөйлеп, мерекелік жылы лебізін білдірген Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Күләш Ердәулетқызы өз міндеттерін үлгілі атқарған, қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Эльмира Аймурзаеваны, аудандық жер қатынастары бөлімінің бас маманы Орынша Бисенованы, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Ақсауле Есинованы, аудан әкімінің аппараты, ұйымдастыру-бақылау және мемлекеттік құқықтық бөлімінің басшысы Дастан Мураталиевті Алғыс хатпен марапаттады.
Еліміздің «Мемлекеттік қызмет туралы» заңына сәйкес ауыл әкімдері мен мекеме басшылары және жас мамандар сахнада ант қабылдау рәсімін орындады.
Мейрам - мереке иелерінің бірлесе дайындаған концерттік бағдарламасымен айшықтала түсті. Ел сенімін ақтап, ұлтымыздың абыройын асыруға, қоғамдық тәртіпті жолға қоюға ат салысып жүрген жандардың біз көрмеген бір қыры осы концерттен көрініс тапқандай болды.
Әсел ТАҢАТАРОВА