Сенбі күні облыстағы 25744 теңіз жаяу әскери бригадасы 400 сарбазбен толықты. Еліміздің Ақтөбе, Атырау, Орал, Алматы, Қарағанды, Тараз, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан өңірлерінен келген сарбаздар салтанатты түрде ант қабылдап, Отанына, Қазақстан халқына, оның заңды түрде сайланған Президентіне адал болуға серт берді.
- Бұл күн-Сіздердің өмірлеріңде ерекше есте қалар сәт әрі ер еншісі-ел қорғауға басқан қадамдарың. Сіздер, Қазақстан қарулы күштерінің қатарына кіре отырып, тәуелсіз еліміздің халқына, оның заңды түрде сайланған Президентіне адал болуға, егеменді еліміздің Конституциясы мен заңдарын қастерлеп, сақтауға серт бересіздер. Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген сөзін ұран етіп ұстаныңыздар дегім келеді. Ант қабылдау-Отаныңа, халқыңа адал болу, ел басына күн туса, оны ақтық демің қалғанша қорғау, қажет болса, жан қию деген сөз. Сіздерге ата-бабамыздың білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап қалған ұлан-байтақ еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығын қорғауға дайын болыңыздар демекпін,-деді салтанатты шараның ашылуында сөз алған полковник, «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары, штаб бастығы Нұрлан Алдияров.
Жауынгерлер қатарын еліміздің түкпір-түкпірінен әскерге алынған жас сарбаздар құрады. Олардың арасында ақтөбелік Нұрбол Есенгелді де бар.
- Әскерге шақыру келген кезде қатты қуандым. Өйткені, әрбір ер азаматтың Отан алдында борышын өтеуі, әскери өмірді көруі, түйсігімен сезіне білуі үлкен мәртебе деп білемін. Әскери өмірдің ер азаматқа берері көп деп есептеймін. Біз Маңғыстау өңіріне осыдан бір ай бұрын келдік. Аз уақыт ішінде еліміздің әр аймағынан келген жігіттермен жақсы тіл табысып кеттім. Әскери өмір маған ұнап жатыр.. Бүгінгі менің ант қабылдауыма Ақтөбеден әжем, анам және інім келді. Бүгінгі күн-біз үшін өте маңызды күн. Сондықтан да қарулас достарымды ант қабылдауларымен шын жүректен құттықтаймын! Анттарына адал болып, отбасыларына дін аман оралуларына тілектеспін,-дейді жас сарбаз Нұрбол Есенгелді.
Ант қабылдау салтанаты аяқталған соң әскери бөлім басшылары ата-аналарға балалары жатып демалатын, тамақ ішетін орындарды көрсетіп, әскери өмірмен таныстырды.
Венера МИРЛАН