Мұнайлы ауданындағы Батыр ауылында «Абай әлеміне саяхат» клубының әдеби-шығармашылық кеші болып өтті. №10 мектепте тұсауы осыдан екі ай бұрын ашылған үйірмеде 32 оқушы қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың шығармаларымен сусындап, әдебиет әлеміне сапар шегеді. Әдеби кешке ауыл тұрғындары, оқушылар, облыс әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева және клубтың президенті Сайын Назарбек қатысты.
Ғылым таппай мақтанба, Орын таппай баптанба. Құмарланып шаттанба, Ойнап босқа күлуге. Бес нәрседен қашық бол, Бес нәрсеге асық бол. Адам болам десеңіз, Тілеуің, өмірің алдыңда, Оған қайғы жесеңіз. Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ. Бес дұшпаның білсеңіз. Талап, еңбек, терең ой, Қанағат рақым ойлап қой- Бес асыл іс көнсеңіз...Бұл – Махира Төлееваның Абай әлемінен алғаш таңдап сүйіп оқыған өлеңі. Ол кезде 1 сыныпта оқитын. Көп ұзамай Абай Құнанбаевтың шығармаларына құныға бастады. Жастарды бес жаман нәрседен жерініп, бес жақсы іске ұмтылуға шақырған ұлы Абай өлеңдерін жаттап, адамгершілік қағидаттары сынды қара сөздерінің қарапайым да қазынадай бай мағынасын ойына түйіп, бойына сіңірген №10 мектептің 7 сынып оқушысы Махира биыл математика пәнінен өткен облыстық олимпиаданың жүлдегері. «Рухани кедей, өзінің төл әдебиеті мен мәдениетінен мақұрым жан ешқашан жақсы маман бола алмайды» дейді ол.
Махира клубтың алғашқы мүшелерінің бірі. Одан басқа тағы 13 батырлық оқушы облыс әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева мен клуб президенті «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сайын Назарбектің қолынан арнайы куәлік алып, «Абай әлеміне саяхат» клубының тұрақты мүшесі атанды.
Ағымдағы жылдың сәуір айында ашылған үйірменің басты мақсаты – оқушылар арасында Абай шығармашылығын насихаттап, алтынға бергісіз асыл туындылардың құндылығы мен маңыздылығын ұғындыру.
Клуб басшысы Сайын Назарбек кеш барысында облыс әкімінің орынбасары Бану Ғаниқызына үйірме жұмысына қатысты ойларын айтып, қиындықтарды алға тартты. Біріншіден, ауыл арасындағы мектеп жолының жағдайы сын көтермесе, орта білім ордасындағы кітапхананың кітап қорын молайту керек. Сондай-ақ, клуб мүшелері жылдың жаз айларында қазақтың біртуар ақыны, данышпан ұлы Абай Құнанбаевтың әдеби әлеміне рухани саяхат жасайтын оқушылардың ағартушының туған жеріне сапарын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Жазғы демалыстарын босқа өткізбей, Абай шығармаларын жадыларына жаттап оқитын балғындардың Семейге сапарына қаржылай қолдау қажет. Жас буын өкілдерінің Абай шығармашылығына деген сүйіспеншілігіне риза болып, өнерлеріне ерекше ықыласпен қол соққан Бану Нұрғазиева бұл мәселелерді шешуге көмектесетінін айтты.
Рухани кеш барысында оқушылар Абайдың кез келген өлеңін жатқа оқып, өмірлік пәлсапаға толы қара сөздерін мағыналы да әсерлі жеткізе білді.
Мұнайлы ауданына қарасты Батыр ауылындағы №10 мектептің іргесі қаланғанына екі жылдан астам уақыт болған. Бүгінде мұнда білім жатқан 936 оқушының 17-сі биыл орта мектепті тәмамдап отыр. 8 түлек бірыңғай ұлттық тестілеуге қатысып, 1 оқушы үздік аттестатқа ие болды.
Анар ШАМШАДИНОВА