Кеше облыстық әкімдікте көрші елдің іскер азаматтары мен маңғыстаулық кәсіпкерлердің қатысуымен бизнес-форум болып өтті.
Каспий арқылы қатынастың қолайлығы, республиканың өзге өңірлерінен шалғай орналасқан Маңғыстау халқының азық-түлікке, соның ішінде жеміс-жидек, көкөніске деген қажеттілігін өтеу мүмкіндігі азербайжандық кәсіпкерлерді қызықтырып келеді.
Ақтаулықтардың ақпейіл қонақжайлығын көріп, арқа жастанып, жатып алмай қонақтардың бірден нарықты зертеп көруге асығуы, біздегі бар-жоқты таразыға салып, өндіріс алаңдарын аралауы кездейсоқтық емес. Алғашқы қадамды «Ақтау теңізпорты» Еркін экономикалық аймағы аумағындағы әзербайжандық инвесторлардың қаражатына салынған «Азерсун» көлік-логистикалық орталықтан бастауының да мәні бар. Қазақстан мен Әзербайжан Президенттерінің бастамасымен бой көтерген, көруге көз керек бұл алып кешен- ертеңге баспалдақ болар ауқымды істердің, алынбақ биік межелердің бастауы. Күні бүгінге дейін көз жауын алар жеміс-жидекті сақтау басты проблема болып келсе, орталық алдымен осы түйінді шешуге көмектеспек. Ондағы өркениетті елдердің озық технологиясымен жабдықталған қоймалар, атшаптырым жерді алып жатқан соңғы үлгідегі тоңазытқыштар ертеңгі тынымсыз тірлікке жол ашқалы тұр. Облыс басшысы А.Айдарбаев «Азерсун» көлік-логистикалық орталықты « болашағы зор жоба» деп атады.
-Өзара іскерлік байланысқа ешқандай кедергі жоқ. Бүгінгі таңда әзербайжандық капитал біздің өңірімізге кеңінен енуде. Біз Әзірбайжан инвесторларларының өлкемізде жемісті жұмыс жасауына барынша жағдай жасаймыз. Екі ел арасындағы жүк тасымалының өсуі –көлемді іскерлік байланысқа жол ашады, -деді Алик Серікұлы бизнес-форумда сөйлеген сөзінде.
Жүк тасымалы демекші, алқалы бас қосуды жүргізген ашқан облыс әкімінің орынбасары Рахымбек Әміржанов Маңғыстау облысы мен Әзербайжан Мемлекеті арасындағы жылдық тауар айналым мөлшері 13 миллиард доллар мөлшерінде екендігін мысалға келтірген еді. Түркменстанмен темір жол арқылы байланысып, Парсы бұғазына шығуға мүмкіндік алған, теңізімен Иранға қатынаған аймағымыздағы қыз-қыз қайнап, экономикамызға қан жүгірткен тірліктің Әзербайжан елі үшін де тамыр тартар салалары аз еместігіне дәлел-дәйек келтіріп облыс әкім орынбасары Шолпан Илмұханбетова сөйледі. Әзербайжан экспорт пен инвестицияны қолдау қоры вице-президенті Юсиф Абдуллаев екі ел арасындағы кәсіпкерлер мен инвесторлар арасындағы іскерлік байланыс арнасы кеңи түсетіндігіне, сөзден іске көшіп, нақты қадамдар жасалатындығына сенім білдірді.
Әзербайжандық кәсіпкер Гюнель Сұлтанова:
- Сіздерде құрылыстың қарқынды жүріп жатырғанына қуандым. Әзербайжанның құрылыс материалдарын жеткізіп беруді ойлап отырмын. Ақтаудан дистрибютерлік компания ашқымыз келеді. Бизнес-форумға бізден 80 кәсіпкер қатыстып отыр.Көп нәрсені ойға түйіп кетіп бара жатырмыз,-деп әзербайжандық кәсіпкер Гюнель Сұлтанова ой бөлісті. Ақтаудағы «Берекет-Ф» фирмасының басшысы Заретта Фентелиева бірлесе атқарар істер жайында әңгімеледі. «Каспий» ӘКК» АҚ төрағасы Ибрагим Тағашев, Өңірлік кәсіпкерлер палатасы төрағасы Олжас Қаржауов алдағы ой-жоспарларымен бөлісті. Іскер азаматтар жергілікті кәсіпкерлермен өзара пікір алмасып, бизнеске қатысты ой-ұсыныстарын ортаға салды.
Болат ҮМБЕТОВ