Маусымның 23-24-і күндері Ақтау, Алматы, Петропавл қалаларындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінде алғаш рет Аймақтық зерттеушілер форумы ұйымдастырылды. Шараға зерттеу жұмыстарымен айналысып жүрген 230 ұстаз қатысты Форум тақырыбы: «Мектептер әлеуетін желілік өзара қарым-қатынас арқылы дамыту».
Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде ұйымдастырылған форумға Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Астана қалаларындағы зияткерлік мектеп ұстаздары, Маңғыстау облыстық гуманитарлық колледжінің ұстаздары және Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технология және инжиниринг университетінің профессорлары, Ақтаудағы педагогикалық шеберлікті арттыру орталығы мен «Өрлеу» АҚ кәсіби шеберлікті арттыру орталығының өкілдері қатысты. Ұйымдастырушылардың сөзінше, форумның басты мақсаты – зияткерлік мектептер арасында зерттеушілік әлеуетін өсіру, желілік өзара қарым-қатынастардың жақсаруына ықпал ету және зерттеу саласындағы тәжірибемен алмасу.
Назарбаев Зияткерлік мектептерінің ұстаздарының тәжірибесін арттыруға Action Recearch (Тәжірибені іс-әрекет арқылы зерттеу) және Lesson Study (Сабақты зерттеу) жобалары оң нәтижесін көрсетіп отыр. Аталған жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде ұстаздар зерттеу қорытындысын негізге ала отырып, өз бағыттарындағы педагогикалық шеберлігін арттырады. Бірлесіп жоспар жасау, сабақтарға кіріп оны талқылау арқылы мұғалімдер сабаққа қажетті педагогикалық рефлексия білімін әрі қарай дамыта түседі. Бүгінгі таңда Назарбаев Зияткерлік мектептерінде 900-ден аса адам зерттеу жұмыстарымен айналысады. Солардың ішінде 250 топтық және жеке зерттеу жұмыстары бар.
Мектептегі зерттеу мәдениетінің артуы республикалық және халықаралық ғылыми-әдістемелік байқауларда өз еңбегін таныстыратын ұстаздар қатарын арттырды. Осылайша, олар зерттеу жұмысындағы алған білімі мен тәжірибесін басқа да әріптестеріне бөліседі. Айта кетейік, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының 15 ұстазы биылғы жылдың тамызында Дублинде (Ирландия) жыл сайын ұйымдастырылатын Зерттеушілердің Еуропалық конференциясына қатысуға мүмкіндік алды (Олардың екеуі Ақтау қаласындағы зияткерлік мектеп ұстаздары).
Форум барысында ұстаздар мастер класстар, практикалық тренингтер, презентациялар өткізілуде. Сондай-ақ ұстаздар өз зерттеулерін постер сессияда қорғап, екі жақты пікір алмасты.
Форум сәтті өтті. Қатысушылар кездесуде белсенділік танытты. Сессияларда зерттеу жұмыстарын жүргізуге қатысты көптеген кеңестермен, әдіс-тәсілдермен бөлістік. Сондай-ақ, ұстаздарымыздың Lesson Study және Action Recearch сынды бағдарламаларды жақсы меңгергендігін бақыладық. Мұндай аймақтық форум жиі ұйымдастырылып тұрады деген үміттеміз, - дейді «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Зерттеу департаментінің аға менеджері Ирина Мадеева.
Ақтау қаласы Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі