©
Қазақстан полициясының құрылғанына биыл 24 жыл. 1992 жылы «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары» туралы Заң қабылданған болатын. Бұл – Қазақстан полициясының істері мен қызметін анықтайтын бірінші құжат. Ал, 2007 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 23 маусым полиция күні болып бекітіліп, содан бері жыл сайын құқық қорғаушылар кәсіби мерекелерін атап өтеді. Маңғыстаулық тәртіп сақшылары да биылғы полиция қызметкерлері күнін зор табыстармен қарсы алып отыр.
Облыстық Ішкі Істер департаментінің акт залында өткен салтанатты жиын бейбіт күнде еліміздің тыныштығы мен тұрғындарын қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өз өмірлерін пида еткен полицейлерді бір минут үнсіздікпен еске алумен басталды. Бұл – құқық қорғау саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлердің ғана емес, тәуелсіздік жылдарында маңызды қызметті жандандыруда тер төккен ардагерлерге алғыс білдіретін күн. Бүгінгі жетістік – кешегі аға ұрпақтың ел үшін еткен еңбегінің нәтижесі. Маңғыстау құқық қорғау саласының ардагері, ішкі істер органдарындағы қызметі үшін І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін», «Ерен еңбегі үшін» медальдары мен «Үздік қызметі үшін» белгісінің иегері Хамит Маматовтың 70 жылдық мерейтойы биылғы мерекеге дөп келіп отыр. Департамент басшысы Қайрат Дәлбеков Хамит Абдулұлын мерейлі жасымен құттықтап, иығына шапан жапты.
- Бүгінде елімізге әлем мемлекеттері қызыға қарайды. Әрине, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мамандар жетіспеді. Дегенмен, көптеген өз ісіне адал полицейлер қызметтерін жауапкершілікпен атқара білді. Оларға біздің алғысымыз шексіз! Солардың бірі – Хамит Маматов. Бүгінгі Маңғыстау полицейлері атынан Хамит Абдулұлына алғыс айтамын, -деді облыстық ішкі істер департаменті Қ.Дәлбеков.
Милиция полковнигі Хамит Абдулұлы 1946 жылдың 23 маусымында Алматы облысында дүниеге келген. 1971 жылы ҚР Ішкі істер министрлігі Алматы арнайы орта милиция мектебін бітірген жас маман Семей облыстық ішкі істер басқармасының орта басшы құрамында жауапты лауазымдарда қызмет жасаған. 1992 жылы Маңғыстау облысының ішкі істер басқармасының ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына ауысып, 1995-97 жылдары облыстық ішкі істер басқармасын басқарады.
- Біздер қызмет еткен жылдары жағдай қиын болды. Қаржы жетпейтін. Бірақ, өз қызметімізді адал да мінсіз атқаруға тырыстық. Бүгінде құқық қорғау саласына мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлініп отыр. Сондықтан ел тыныштығын сақтау, тұрғындардың амандығын қорғау жолында талмай еңбек етуге барлық мүмкіндік бар. Полиция қызметін адал атқаруды сұраймын,-деді Х.Маматов.
Кәсіби мереке құрметіне ҚР Ішкі істер министрі атынан алғыс алып, департамент басшысының құрметіне бөленгендердің қатарында жас полицей Жарқыл Бөлекбаева. Балалық арманы – полиция қызметіне келгеніне екі жыл болған Жарқыл министрдің алғыс хатына ие болды. ҚР Ішкі істер министрлігінің Қарағанды қаласындағы академиясында білім алып жатқан ол «Өз қызметімде кез келген тапсырмаға асқан жауапкершілікпен қарап, еңбектенуден ерінбеймін. Жұмыс өте қиын деуге болады, әсіресе, қыз бала үшін. Жұмыс күні шектеусіз. Ерте келіп, кеш кетемін. Тәуліктің 12 сағаты қызметте өтеді» дейді. Бүгінгі марапат – соның нәтижесі.
- Полиция қызметкері болуды кішкентай кезімнен армандадым. Ата-анам бұл арманымды қостай қоймады. Дегенмен, мен өз мақсатыма жету үшін бар білімімді жұмсап келемін. Ештеңеге қарамастан, осы мамандықты таңдадым. Бұл меніңше аса жауапты да маңызды қызмет. Өйткені, полицей қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін сақтайды. Бүгінгі мерекеге орай, үлкен марапатқа ие болдым. Сол үшін мен өте қуаныштымын,-дейді облыстық ішкі істер департаменті штаб басқармасының инспекторы Ж.Бөлекбаева.
Облысымыздың ішкі істер органдары құрылымдарында 2 мыңнан астам полицей еңбек етеді. Салтанатты жиын барысында бірқатар қызметкерлер департамент басшысы қолынан Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын алды. Негізгі міндет – ел тыныштығын күзетіп, азаматтар қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып саналатын полиция қызметкерлерінің қоғамдағы орны ерекше екені айқын. Құқық қорғаушылардың әлеуметтік мәселелерін шешуге мемлекет барынша араласып отыр.
- Биылғы жылы да біздің салаға қомақты қаржы бөлінді. Алайда, маңғыстаулық полицейлерге арналған госпиталь ашу мәселесі көптен көтеріліп, шешілмей келеді. Бұл мәселе қазір облыс әкімінің қадағалауында, сондықтан жақын арада шешімін табады деп сенемін,-деді Қ.Дәлбеков.
Полиция күні қарсаңында департаментте «Менің әкем – полиция қызметкері» атты шара ұйымдастырылды. Балалар асфальтқа сурет салып, олардың үздіктері анықталды. Жеңімпаздарға шағын сыйлықтар беріліп, барлық балғындарға тәттілер таратылды.
- Менің анам полиция қызметкері. Анамның жұмысы өте ауыр. Көбіне үйге кеш келеді. Біз оны асыға күтіп отырамыз. Меніңше, полиция болу өте қиын. Мен анамның қызметін мақтан тұтамын, бірақ, өскенде әнші болғым келеді,-дейді А.Өтесбай.
Ішкі істер органдары қызметкерлерінің балалары арасында өткен асфальтқа сурет салу байқауында І орынды Әнуар Сәбитов, ІІ орынды Мерей Сырым алды. Ал, Даниал Нұрланұлы көрермендер көзайымы аталымына лайық деп танылса, Әмір Қазиев ең кішкентай суретші атанды.
Анар ШАМШАДИНОВА