Аудан мектептерінен «Алтын белгіге» лайық деп екшелген он тоғыз түлектің он үші алтын Ұлттық бірыңғай тестілеуде білімдерін абыроймен қорғап шықты. Алтын ұядан қанат қағып, білімін ұлттық сынақта үздік бағаға дәлелдеген жас түлектерді құттықтау салтанатының шымылдығы аудан әкімі Ж.Айтуаровтың сөзімен ашылды.
Аудан әкімі келешегінен зор үміт күттіріп, еліміздің ертеңіне баланатын «Алтын белгі» иегерлерін шын жүректен құттықтап, осының барлығы ұстаздар қауымының еселі еңбегінің арқасында екендігін айта келе, түлектердің еліміздегі үздік жоғары оқу орындарына түсіп, білікті маман болып еліміздің, ауданымыздың өсіп-өркендеуіне, зор үлестерін қосады деген лебізін білдірді. Білім шыңын бағындырған «Алтын белгі» иегерлері Е.Кәдірбайқызы , А.Қуанғали (Е.Айшуақұлы атындағы орта мектебі), Т.Бишен, А.Елдосова, А.Омар, М.Тұрарбек (С.Жаңғабылов атындағы орта мектебі), Н.Таңбай (Шетпе лицейі), А.Абдулова, Ш.Жұмасатова, М.Қамбарқызы (Ұштаған орта мектебі), Г.Оңайжанова (Шетпе гимназиясы), Л.Мұқыр, А.Теңізбаева (Онды орта мектебі) және «Үздік аттестат» иегерлері Ұ.Құлашағазиева (Ұштаған орта мектебі), А.Нұрлыбекова, Н.Сүгірова (Шетпе гимназиясы), Н.Асқармауытов, М.Жолдыбаева, А.Маңғыбаева (Онды орта мектебі) Р.Рахманов (Шайыр орта мектебі). Халықаралық ғылыми жоба конкурсының жеңімпаздары М.Қомшабай (Жармыш орта мектебі), А.Ізімтай (Онды орта мектебі) түлектеріне аудан әкімі бағалы сыйлықтар мен гүл шоғын табыстады.
Ата – аналар атынан сөз алған аудан бойынша ең жоғарғы балл жинаған Л.Мұқырдың әкесі Ә.Ниязов жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие берген ұстаздар қауымына, әрқашан қолдау көрсетіп жағдай жасаған аудан басшыларына алғысын айтты.
Жас түлектер атынан сөйлеген Ш.Жұмасатова: «Мен бұл күнді ұзақ күттім. Сондықтан бүгін үздіктердің қатарынан көрініп, ұстаздарым мен ата-анамның үмітін ақтағаныма өте қуаныштымын. Абыройымыз тасып, мақтаныш сезімі жүрегімде кернеп тұр. Бұл ең алдымен ұстаздарымның еңбегі, бір жыл тынымсыз дайындықтың нәтижесі. Біздің бүгінгі жеткен жетістігіміз Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арнаған тартуымыз деп біліңіздер деген ыстық сезімін жеткізді. .
Жадыра ТЕЛБАЕВА