©
2013 жылы Форт-Шевченко қаласының әкімі аппараты құрылған болатын. Жаңадан ашылған әкімдікке аудан әкімі Темірбек Асауовтың өкімімен Форт-Шевченко қаласының әкімі болып Нұрдәулетов Аманғали Сүлейменұлы тағайындалып, 3 жыл қала әкімі қызметінде жұмыс атқарды. Сәуір айынан бастап Маңғыстау облысы әкімінің өкімімен Маңғыстау облыстық жастар саясаты басқарамасының басшысы болып тағайындалып, қызмет ауыстырған Аманғали Сүлейменұлы бүгінде облыста жұмысын жасап жатыр. Сол уақыттан бері қала әкімі қызметінде уақытша міндетін атқарушы қала әкімінің орынбасары Асылбек Құрмановқа жүктелген болатын.
22 маусым күні Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерін қызметке сайлау, өкілеттілігін тоқтату және қызметтен босату өткізу қағидалаларының 57, 59- тармақтарына сәйкес Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы Форт-Шевченко қаласы әкімін аудандық мәслихат депутаттары сайлады. 11 депутаттың 8 депутаты дауыс беруге қатынасқан сайлауда Елеуов Алмаз Ғибратұлы және Дощанов Мұратбек Аралбайұлы кандидат ретінде тіркелген болатын. Аталған кандидаттардан Дощанов Мұратбек Аралбайұлы 8 дауыс беруші депутаттардың сегізінің дауысын жинап, Форт-Шевченко қаласының әкімі болып сайланды.
Дощанов Муратбек Аралбайұлы Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Форт-Шевченко қаласының тұрғыны, 1976 жылы туған, ұлты қазақ. Түпқараған аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы қызметін атқарды. «НұрОтан» партиясының мүшесі.
Милана ЕЛЕУСІНОВА