Ауылдардың көркейту мақсатында «Ауылды бірлесе дамыту» жобасы қолға алынғаны туралы бұған дейін де жазғанбыз. Тапсырыс беруші – дүние жүзіне ықпалы жоғары «Еуропалық Одақ» ұйымы болса, жүзеге асырушы — «Азаматтық Альянс» заңды тұлғалар бірлестігі. Жоба аясында кәсіп ашуға ниетті ауыл тұрғындарына қаржылай қолдау көрсетілмек. Ауыл-аймақтың кем-кетігін түгендеп, қажеттілігін қамтамасыз етуді көздейтін жоба үш кезеңнен тұрады. Алдымен бизнес жобаларға конкурс жарияланып, нәтижесінде 57 өтінім қабылданған. Іріктеу комиссиясының шешімімен екінші кезеңге оның 23-і жолдама алды. Алғашқы турдан іріктелген үміткерлер қазір кәсіби тренерден сабақ алып, бизнес әлемінің қыр-сырын меңгеріп жатыр.
- 2017 жылы наурыз айында «Еуропалық Одақтың» қолдауымен «Ауылды бірлесе дамыту!» жобасы басталған болатын. Оның аясында Түпқараған және Мұнайлы аудандарын дамытуға арналған жоспарлар әзірленіп, қаржылай қолдау білдіру қолға алынды. Яғни, ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік жобаларына қолдау көрсетіледі. Мәселен, ауылдарға шаштараз, тігін цехы, балалар мен жасөспірімдерге арналған оқу орталықтары, қызмет көрсету, көлік жөндеу, кілем жуу орталықтары қажет-ақ. Бүгінгі тренингте қатысушылар бизнес-жоспар жазу, бәсекелестер мен рынокты зерттеу, талдау жасау, презентация дайындау сынды дүниелерді үйренеді. Оқу соңында өздерінің бизнес-жоспарларын әзірлеп шығатын болады. Бұдан кейінгі соңғы этапта тағы да іріктеу жасалып, 7-10 үздік таңдап алынады. Оларға кәсіп ашуға қайтарымсыз қаржы, 1 500 000 теңге беріледі», - дейді МО "Азаматтық альянс" ЗТБ төрайымы Жібек Ахметова.
«Неліктен Мұнайлы және Түпқараған аудандары?»
- Мұнайлы ауданы – ең жас аудан, халқы да, ондағы тұрмыстық-әлеуметтік мәселелер де аз емес. Түпқараған ауданы ауылдары да қалаға жақын орналасқан. Халық саны жылдан-жылға артып келеді. Шешімін таппаған мәселелер баршылық. Сондықтан жоба осы аудандарға бағытталды. Біз қаржыны Еуропалық Одақтан алдық, ол екі ауданға ғана есептелген. Пилоттық аудандар деуге болады. Мұнымен тоқтап қалғымыз келмейді. Қазіргі таңда өзге аудандарға арналған жобаға қаржы көздерін қарастырып жатырмыз, - деді Жібек Ахметова.
Нақтырақ айтсақ, бұл қолдауды Мұнайлы ауданының Батыр, Баянды, Қызылтөбе, Маңғыстау және Түпқарағанның Форт-Шевченко, Ақшұқыр, Баутино ауылдарының кәсіпкерлері иелене алады.
Батырлық Әділбек Жұмабеков өз ауылынан шиномонтаж цехын ашуды көздейді. Өйткені халқы тығыз ауылда мұндай цехтың жоқтығын айтады. Кәсіпкерлерге жасалатын қолдау туралы «Азаматтық Альянс» ЗТБ өткізген жиындарынан естіпті. Сөйтіп теміржолшы байқауға қатысып көруге тәуекел етеді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: «Кешірілмес жайбасарлық». Тоқаев Денсаулық сақтау министрлігін қатаң сынады- Соңғы санақ бойынша Батыр ауылында 11 мың халық тұрады. Әрбір үйде бір көліктен болғанда өзіңіз есептей беріңіз. Олардың қалаға, басқа ауылдарға баруына тура келеді. Сондықтан осындай цех ашуды ойладым. Цехты заманауи жабдықтап, тұрғындарға шиномонтаж, вулканизация қызметтерін ұсынғымыз келеді. Бұған дейін осы саламен айналысқанмын. Қолы бос інілерім, таныстарымды жұмыспен қамтымақ ниетім бар. Алғашында жеңіл көліктерге ғана қызмет көрсетіледі де әрі қарай үлкейтіп, жүк көліктерін де қабылдағымыз келеді. Сондай-ақ дөңгелектерді жөндеп қана қоймай, цехқа жаңа дөңгелектерді әкеліп, сатуға шығару, көліктерге қызмет көрсету орталығын ашу да жоспарда бар, - дейді ол.
Қазір үміткерлерге «Атамекен» ҰКП тренері Еркін Атабаев кәсіпкерлік сабағын жүргізіп жатыр. Оқу аяқталған соң іріктеу өтіп, қатысушылар презентацияларын қорғайды. Жариялылық, ашықтық болуы үшін ұйымдастырушылар іріктеу комиссиясының құрамына облыстық мәслихат депутаттарын, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдерін, ауыл шаруашылығы мамандарын біріктірген. Қорытынды алдағы апталарда белгілі болмақ.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА