7 маусым облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығының ұйымдастыруымен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Ел іші – өнер кеніші» атты ардагер-өнерпаздар қатысуымен аталған орталықта концерт өтті.
220 адамға арналған концерт залында ине шаншар орын болмай, халықтың ардагер-өнерпаздардың әніне шөлеркеп қалғанын байқадық. Жетпіс жастан асқан әжейлер әні көрерменді жастық шақтарына бір шарлатып, халық әндерінің сазы ежелгі бабалардың өміріне жетектегендей болды. Өзге ұлт өкілдерінің әндері де назардан тыс қалмай, жұртшылыққа еріксіз қол соқтырды.
Жасы жетпістен асқанына қарамастан өнер мерекесінде әннен шашу шашып, халықтың ықыласына ерекше бөленіп, әлеуметтік желіде де әндерімен халықты сүйсінтіп жүрген Айша Қанатбаева әжеміз:
«Әнді бес жасымнан бастап айта бастадым, сахнаға өзімнің жан рахатым үшін ғана шығамын. Елдің бізді осылай сыйлап, құрмет тұтып жатқанына алғысым шексіз! Бәрі Жаратқанның бергені», - деп толғанды.
Концерт екі сағатқа жуық ел жүрегін тербеп, соңында ұйымдастырушылар атынан қатысушыларға алғыс білдіріп, сый көрсету мақсатында Маңғыстау облысы мәдениет басқармасының басшысы Пәния Сармурзина сөз алып, облысымызда мұндай шаралар көптеп ұйымдастыруға қол ұшын беруге әрқашан даяр екенін жеткізді.
Өнер – адамзатты мәңгілікке бастаушы сүрлеу. Сол сүрлеумен қазақ елінің де сүрінбей, келешек ұрпаққа мол мұра қалдырарына сенеміміз мол!
Мадияр ТӨЛЕУОВ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="55823,55816,55822,55821,55817,55820,55819,55818"]