Бүгін жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Ақтау қаласында «Шлюмберже» компаниясының өндірістік базасын және «Aktau Steel» ЖШС металлургиялық зауытын аралады, онда цифрландыру және Индустрия 4.0 элементтерін енгізу барысымен танысты.
«Шлюмберже» компаниясының қазақтандық бөлімшесін аралау кезінде Бақытжан Сағынтаев мұнай кен орындарына қызмет көрсету бойынша кәсіпорынның технологиялық үдерісімен және жаңа өндірістік әрі сервистік мүмкіндіктерімен танысты.
Қазақстандағы «Шлюмберже» басшысы М. Разиев цифрландыру барысы туралы баяндады. Ол Шлюмберже «Цифрлық кен орны», «I-invoicing», «Шот ұсыну» жобалары бойынша «Қазгермұнай» БК» ЖШС, «Қаражанбасмұнай» АҚ, КНОС, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг», «Теңізшевройл» ЖШС секілді мұнай өндіруші кәсіпорындарға қызметтер ұсынумен айналысатынын айтты. М. Разиевтің мәлімдеуінше, келешекте кәсіпорын Каспий өңірінде жобаларды іске асыру кезінде қолдау көрсететін тораптық орталыққа айналуға мүдделі.
Сапардың келесі нысаны өнеркәсіптік аймақ аумағында орналасқан және биыл наурызда жаңғыртудан кейін пайдалануға берілген «Aktau Steel» ЖШС металлургиялық зауыты болды. Айта кету керек, реконструкциялау жобасы $22 млн сомасына шетелдік инвестицияларды тарту арқылы жүзеге асырылды.
Премьер-Министр әлемдік стандарттарға сай келетін жаңа жабдықтар орнатылған электрлі болат балқыту және илем цехін көрді. Бүгінгі таңда өндірістік қуаттылығы жылына 300 мың тонна шаршы дайындама пен 250 мың тонна құрылыс арматурасы илемін құрайды. Дайын өнім ішкі нарыққа жөнелтіледі, сонымен қатар шетелге экспортқа шығарылады.
Аралау кезінде «Aktau Steel» ЖШС директоры Р. Мирзаев қазіргі кезде кәсіпорында 150-ге жуық жұмыс орны құрылғанын айтты. Сонымен қоса, зауыт толық қуаттылығына шыққан соң жұмыс орындарының саны екі есеге артады.
Бұдан соң ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында Ақтауда «Маңғыстау» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына барып, онда кәсіпкерлік туралы жаңа заң аясында қызмет көрсетуге дайындық барысымен танысты.
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН