Бүгін Ақтау қаласындағы №16 мектепте көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Саламат Мұқашевтың 90 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Бұл мектепке 2017 жылдың 27 наурызындағы Үкімет қаулысымен қайраткердің есімі берілген еді.
Маңғыстау облысының әкімі Ералы Лұқпанұлы Тоғжанов, облысымыздың еңбек ардагерлері және С.Мұқашевтың жары Мария апамыз бен ұл-қыздары мерекелік шараның құрметті қонақтары болды. Олар алдымен тұлғаның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.
Шара барысында өлкенің өсіп-өркендеуіне айырықша үлес қосқан қайраткердің өмірі мен еңбек жолына арналған бейнесюжет көрсетіліп, қонақтар оған арналған мұражаймен танысты.
Саламат Мұқашев 1927 жылы 20 қазанда қазіргі Атырау (бұрынғы Гурьев) қаласында дүниеге келген. Еңбек жолын Мақат Мұнай кенішінен бастаған.
С.Мұқашев Маңғыстауда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды. Облыстың көркеюіне, экономикасының дамуына, облыстың іргесінің берік қалануына мол еңбек сіңірді. 1985 жылы қазан айынан 1988 жылдың ақпан айына дейін, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің төралқа төрағасы және КСРО Жоғарғы Кеңесі төралқа төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды.
Ол төрт рет «Еңбек қызыл ту», екі рет «Құрмет белгісі» орденімен, бес медальмен, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі төралқасының Құрмет Грамотасымен және ҚР «Құрмет» орденімен марапатталды. Атырау облысының және Ақтау қаласының құрметті азаматы. Зайыбы Мария Сәлімгерейқызы екеуі жеті ұл-қыз тәрбиелеп өсірген.
- Халық ықыласына бөленген қазақ даласының дара тұлғасы Саламат ағамыз ел үшін еңбек етіп, кейінгі ұрпаққа мол мұра қалдырды. Ағамыз еңбек жолын Мақат мұнай өндіру кәсіпорынында қарапайым жұмысшы болудан бастап, ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасы Төрағасына дейін қызмет атқарғаны белгілі. Қазақ даласының біртуар азаматы шығармашылықпен де айналысты. Олай болуы да заңдылық. Өйткені тұлғаның көргені көп, тәжірибесі мол, айтары бар азамат еді. Өнегелі өмірінің тағылымдарын қағаз бетіне түсіріп, ұрпаққа мирас ретінде 7 кітап қалдырды. Олардың ішінде мұнай саласы жайлы және Атырау қаласының жылнамасын жазып, жарыққа шығарғанын білесіздер. Қайраткер, ұстаз әрі өз ісінің нағыз маманы Саламат Мұқашев ағамыздың 90 жылдығы тағы да құтты болсын, - деп облыс әкімі Ералы Тоғжанов лебізін білдірді.
Кештің құрметті қонағы, Саламат Мұқашевтың зайыбы, Мария Сәлімгерейқызы Жақашева жары жайындағы естеліктермен бөлісті.
-Өзінің айтуынша, соғыс кезінде көп еңбек етіп, балалықты көріңкіремеген, ерте есейіп, еңбекке ерте араласқан. Мұнай саласында жұмысшы да, басшы да болды. Артынша облыс құрылғанда Сәкеңді Маңғыстау облысына партияның бірінші хатшысы етіп сайлады. Сол жылдары Каспий өңірінде мұнай бұрғылау жұмыстары қарқын алып, мұнай көздері ашылды. Сәкең Маңғыстау халқын қадірлеп, жиі келіп жүруші еді. Айналасына қолдан келгенше жақсылық жасау, адамгершілік қасиеттер дарыған еңбекқор елдің азаматын келер ұрпаққа үлгі етіп, еске алу рәсімін ұйымдастырып жатқан барша азаматтарға, достарына, ардагерлерге Сәкеңнің ұрпақтары атынан, өзімнің атымнан алғысымды айтамын, - деді ол.
Бұдан соң салтанатты шара «Саламат Мұқашев. Маңғыстау кезеңі» кітабының лентасын кесумен жалғасын тапты.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Төтенше жағдайға дайын болу үшін…Сондай-ақ 18-20 мамыр күндері ересектер арасында Саламат Мұқашев атындағы Ақтау қалалық футбол жарысы өткен болатын. Сол сайыстың жеңімпаздарын басқосуда Талап Саламатұлы Мұқашев салтанатты түрде марапттады.
Шара аяқталған соң қонақтарға көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Саламат Мұқашевтің құрметіне Маңғыстау облысының әкімі Ералы Лұқпанұлы Тоғжановтың атынан қонақасы берілді.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="54317,54316,54315,54309"]