Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрында қазақтың қос ақынына арналған қойылымның тұсауы кесілді.
Туынды авторы – жазушы, драматург Рақымжан Отарбаев.
Режиссері – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қ.Қуанышбаев театрының режиссері Нұрлан Жұманиязов. Қоюшы суретшісі - ҚР мәдениет қайраткері Гүлнар Канафина.
«Фариза мен Мұқағали» қойылымына дайындық жүріп жатқанын бұған дейін жазғанбыз.
«Қойылым Мұқағали Мақатаевтың соңғы он күн көлеміндегі емханада өткен өмірі жайында. Фаризаға айтылған сырлар, өмірінің соңына дейінгі жеке басының, халқының теңдігі туралы арпалысы, өзінің ортасымен арпалысы. Фаризаның қолдауы, қайғыруы, жоқтауы, бір-бірін рухани түсінуі, бір-біріне деген үлкен поэтикалық сезімдері баяндалады», - деген болатын спектакль режиссері бізге берген сұхбатында.
Расында тұсаукесерге жиылған халық өткен ғасырға көз жүгіртіп, өмірінің соңғы кезеңіндегі ақын күйіне куә болды.
Ауыр дерт меңдеп, аурухана төсегінде жатқан ақынға поэзия әлеміндегі қарындасы Фариза қолдау білдірді. Санаулы күні қалған Мұқағалидың жанынан табылып, күйзелген сәтінде демеу болды.
Қойылымда жаны үндес ақындардың бір-біріне деген сый-құрметі, достығы, қолдауы суреттелген. Тұсаукесерге келген көпшіліктің спектакльден алған әсерін де сұрап көрдік.
Жұмагүл Абланова, көрермен:
«Мұқағалидың өзімен кездескендей болдым. Мұқағалиды өзім ақын ретінде жақсы көретін болғандықтан шығар. Қойылым өте сәтті шыққан дей аламын. Фариза екеуінің бір-бірін іштей түсінісуі жақсы суреттеліпті. Ер азаматтан дос таппаған ақын батыл қызды әрі қарындасы, әрі қолдаушы серігі ретінде қабылдайды. Ешкімге айта алмаған сырларымен бөліседі. Қос ақынның рухани байланысына куә болып қайттым».
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Бес ұлттың қара шаңырағыМәдина Серікқызы, көрермен:
«Спектакль мен күткеннен әлдеқайда жақсы қойылған. Дегенмен Лашын жеңгемізді де көргім келгені жасырын емес. Премьерасы болады дегенде көз алдыма екі ақынның бір-біріне өлеңмен мұңын айтып, сыр шертіп отырғанын елестетіп едім. Сондықтан мұндағы қосымша бірнеше образ, оқиға қойылымды толықтырып тұрды».
Айта кетейік, туынды мамыр айының 2,4,11 күндері көпшілік назарына ұсынылмақ.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="53232,53231,53230,53229,53228,53227"]